Су тасқыны: Алматылықтар жаппай көмек жинап жатыр

1 Сәуір 2024, 15:10
3110
Бөлісу:
Су тасқыны: Алматылықтар жаппай көмек жинап жатыр
PHOTO
Фото: автордан

Алматыда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қаланың сегіз ауданынан гуманитарлық көмек жиналып, 50-ден астам ерікті жұмылдырылған. Бас штаб Байтұрсынов көшесі, 22 к1 мекенжайындағы фронт-кеңсесі болып белгіленді.

Су тасқыны: Алматылықтар жаппай көмек жинап жатыр

Еліміздегі су тасқынына байланысты Алматы қаласының жастары, еріктілері болып гуманитарлық көмек жинау туралы шешім қабылдадық. 29 наурыз күні пунктіміз ашылды. Адамдар көбінесе демалыс күндері келді. Бүгін де көптеген адамдар келіп жатыр. Бұл жерде 50-ден астам волонтер жұмылдырылған. Жиналған гуманитарлық көмектерді сараптаумен, тасымалдаумен айналысатын болады. Біз ең басты қажетті заттарды қабылдап жатырмыз. Бұл жерде ұзақ сақталатын азық-түлік, жылы киімдер, тұрмыстық, гигеналық заттар. Барлық өңірлермен байланыстамыз, нақты қажет заттарды анықтап жатырмыз. Бірінші көмекті осы аптаның соңында жіберуді ойластырып жатырмыз. Ол Ақтөбе, Орал қалаларына жол тартады. Ары қарай гумнитарлық көмек қажет болса, жинау жалғасады. Қабылдау пункті үзіліссіз үнемі жұмыс істейді, – дейді Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Бағдат Анарбаева.

Үш күннің ішінде қабылдау пунктінде қажетті заттардың біразы жиналған. Көмек беруге асыққан қала тұрғындардың қарасы қалың. Бірі жылы көрпе-көпшігін, енді бірі ұзақ сақталатын тағамдарын алып келіп жатыр. 

Су тасқыны: Алматылықтар жаппай көмек жинап жатыр

Радиодан қабылдау пункті ашылғанын естіп, бірден келдім. Таза әрі жаңа көрпемді арқалап, дүкеннен ұзақ сақталатын тағамдар алып келдім. Бұл жерде жастарымыз көп екен. Бұл мені қуантты. Еліміздің біраз бөлігін су басты, бұны жаңалықтардан естіп көңіліміз құлазыды. Барлығымыз бірігіп, көмек қолын созсақ, бұл қиындықты еңсерерміз деген үміттемін, – дейді қала тұрғыны. 

Алматылық еріктілер таңнан бері хабарласып, не керектігін сұрап, көмектерін ұсынып жатқан тұрғындардың көп екенін атап өтті. 

Су тасқыны: Алматылықтар жаппай көмек жинап жатыр

Қазіргі таңда волонтерлер фронт-офисінің телефонына 700-ден астам адам хабарласып жатыр. Көбінесе қажетті заттарды, мекенжайымызды сұрайды. Қала тұрғындары қолдарынан келген көмегін көрсетіп жатыр. Әртүрлі заттарды әкеліп, өз көмектерін көрсетіп жатыр. Менің волонтерлікпен айналысқаныма екі жылдан астам уақыт өтіпті. Былтыр Абай облысындағы өрт кезінде де гуманитарлық көмекке атсалысқан едім, – дейді волонтер Зейнеп Болатқызы.

Су тасқыны: Алматылықтар жаппай көмек жинап жатыр
Су тасқыны: Алматылықтар жаппай көмек жинап жатыр
Су тасқыны: Алматылықтар жаппай көмек жинап жатыр

Гуманитарлық көмек төмендегі мекенжай бойынша қабылданады: 
Алматы қаласы, Байтұрсынов көшесі, 22/1.
Қабылдау уақыты: 10:00-ден 19:00-ге дейін
Барлық ниет білдірушілер Алмалы ауданының комьюнити орталығына хабарласып, қажетті заттарды тапсыра алады.
Байланыс номері: +77478216478; +77475400140.

Өзгелердің жаңалығы