Су тасқыны: Абай облысында көпір қалпына келтірілді

Бүгiн, 07:48
168
Бөлісу:
Су тасқыны: Абай облысында көпір қалпына келтірілді
Фото: Абай облысының әкімдігі

Абай облысында өткен жылдың көктеміндегі тасқын "Қарағанды-Аягөз-Боғас-Кіндікті" аудандық маңызы бар тасжолындағы көпірдің бүлінуіне әкелген еді. Алайда шұғыл шешімдердің нәтижесінде Боғас өзеніне уақытша өткел салынып, қатынас қалпына келтірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Жергілікті және облыстық атқарушы билік тарапынан тиісті көмек көрсетілді. Көпірді аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев арнайы барып, мәселенің оң шешілетіндігін айтқан болатын.

"Зайсан - Құрылыс" компаниясы құрылыс жұмысын ойдағыдай аяқтады. Бүгінде көпір қалыпты жұмыс істеп тұр.

Көпір біздің ауылдық округ үшін өте маңызды. Көпіріміз бүлінген кезде алаңдап қалғанымыз рас. Алайда облыс әкімі жағдайды жедел бақылауына алып, тиісті шараларды жүзеге асырды. Енді міне, жаңа көпір халыққа қызмет жасап тұр. Ауылдықтар атынан алғыс айтамыз, - дейді ауыл тұрғыны Өкен Тыныбаев.

Аталған көпір арқылы Кіндікті, Алғабас ауылдарына және Ырғызбай ата кесенесіне баратын жолаушылар қатынайды. Жалпы Кіндікті ауылдық округінде 631 адам тұрады. Ырғызбай әулие кесенесіне жылына алты мыңға жуық турист келеді.

Өзгелердің жаңалығы