ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш су тасқынына қатысты соңғы мәліметтерді баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстары, атап айтқанда өзендерде мұз жару және кесу, еріген қар суын бұру, инертті материалдар салынған қаптар төсеу, каналдардың жағаларын нығайту жұмыстары, арық жүйелерін тазалау, құлақтандыру және адамдарды қауіпсіз жерлерге эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.
Бүгінде 11 950 адам өз үйлеріне оралды. 6 746 адам, оның ішінде 2 967 бала эвакуациялау пункттерінде. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 111 194 адам, оның ішінде 39 222 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 107 613 ауыл шаруашылық жануар қауіпсіздік жерге айдалды, - деп деп айтты Ерасыл Сайпаш.
Ол атап өткендей, ТЖМ психологтары жергілікті жерлерде азаматтарға және жедел желі телефондары арқылы шұғыл психологиялық көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Бүгінде дейін жедел желіге түскен 1 728 қоңырау пысықталды.
Жұмылдырылған күштер мен құралдар 9,5 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарды, 2,2 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төседі. 3 511 тұрғын үй мен 2 157 аула аумағынан су бұрылды. Осы сағатта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 414 жеке тұрғын үй, 1 617 аула аумағы және 2 035 саяжай үйлері су астында қалып отыр, - дейді Ерасыл Сайпаш республикалық штабта өткен брифингте.
Оның айтуынша, авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 33 101 адам, 4 182 техника, 853 су сору құралы, 335 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылды.