Су тасқынының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет – Мамин

23 Ақпан 2021, 10:52
1653
Бөлісу:
Су тасқынының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындығына арналған Үкімет отырысы барысында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин төтенше жағдай кезінде жедел шара қабылдануы тиіс екенін ескертті.

Су тасқынының алдын алу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Осыған байланысты, біріншіден, Экология министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, бір ай ішінде гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мерзімін анықтауды тапсырамын. Сондай-ақ су қоймаларын толтырудың қауіпсіз көлемін анықтап, олардың толуына үнемі бақылауды қамтамасыз етсін, - деді ол. 

Үкімет басшысы Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне қараусыз жатқан гидротехникалық құрылыстар бойынша меншік құқығын беру мәселесін заңнамаға сәйкес аяқтауды тапсырды.

Индустрия министрлігі мен әкімдіктер автожолдарды су басуға жол бермесін, көпірлер мен су өткізу құрылыстарын уақытында дайындасын. Әкімдер қар шығару, арықтарды, су кәрізін тазарту, уақытша үйінділер мен бөгеттер тұрғызу жұмыстарын уақтылы жүргізуді қамтамасыз етуі қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдермен бірлесіп, тиісті жедел штабтар құруды, алдағы су тасқыны кезеңіне күш пен құралдардың дайындығын және су тасқыны қаупі болған жағдайда халықты уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етсін, - деді Мамин.

Премьер-министр төтенше жағдай кезінде жедел шара қабылдануы тиіс екенін ескертті.

Жалпы, Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, су тасқыны қаупі болғанда немесе су басқан жағдайдағы іс-әрекет барысы жайлы  халықты хабардар ету жұмысын белсенді жүргізуі қажет. Ақпарат министрлігі осы мәселеде жәрдемдессін, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы