Оңтүстік шаруалары су тапшылығынан егіс алқаптарын қысқартуға мәжбүр

24 Мамыр 2022, 10:48
2126
Бөлісу:
Оңтүстік шаруалары су тапшылығынан егіс алқаптарын қысқартуға мәжбүр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлімдеді. 

Оның айтуынша, су тапшылығының алдын алу мақсатында суармалы жер көлемін қысқарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Суармалы жер көлемі 420,2 мың гектарды құрайтын Түркістан облысы бойынша биыл күріш алқабы 600 гектарға дейін қысқартылды. Қызылорда облысында күріш алқабы 78,3 мың гектарға дейін төмендеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,0 мың гектарға аз. Сондай-ақ Үкімет резервінен ұңғымаларды жөндеу мен бұрғылауға, сорғы қондырғыларын сатып алуға 3,6 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді, - деді министр. 

Сонымен қатар ол оңтүстік өңірлерде каналдарды тазалау, су үнемдеу технологиялары қолдану, су айналымы және суару кезектілігін ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартты. 

Жалпы, алдын ала қабылданған шаралардың арқасында оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Сонымен қатар, бұл жағдайды осы қалыпта ұстау үшін облыс әкімдіктері сумен жабдықтаушы ұйымдардың фермерлермен сумен қамтамасыз етуі тиіс. Суару технологияларын сақтау, суару кезектілігін қолдану және коллекторлық-дренаждық суларды қайта пайдалану жөніндегі іс-әрекеттерін үйлестіруді қамтамасыз ету қажет, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Министр оған қоса, Ауыл шаруашылығы министрлігі суармалы жерлерге су үнемдеу технологияларын енгізуді ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастырып, суармалы жерлердің мелиоративтік мониторингін күшейту маңызды деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы