Су шаруашылығы ғылымын дамыту керек – Смайылов

29 Қыркүйек 2022, 18:12
1077
Бөлісу:
Су шаруашылығы ғылымын дамыту керек – Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Қазақстан Су кеңесінің отырысында Су ресурстары комитетінің және оның бассейндік инспекцияларының кадрлық әлеуетін нығайту, сондай-ақ олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуын жақсарту мәселелері қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің хабарлауынша, елдің су ресурстарын басқару тиімділігін арттыру үшін Су ресурстары комитетінің ұйымдық құрылымын қайта қарау және күшейту, сондай-ақ аумақтық бассейндік инспекцияларды айтарлықтай нығайту ұсынылып отыр. 

Талқылауға Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров және Халықаралық Аралды құтқару қорының Қазақстандағы өкілі Әмірхан Кеншімов қатысты. 

Премьер-Министр тиісті бөлімшелерді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді кеңейту жөніндегі ұсынысты қолдады. Бұл ретте ол Экология министрлігіне кадр саясатына қатысты ұсынылып отырған шараларға қосымша талдау жүргізуді тапсырды. 

«Ғылым мен білімге де ерекше көңіл бөлу керек. Су шаруашылығы ғылымын дамыту, тиісті ҒЗИ-ді күшейту бойынша ұсыныстар беріңіз, өйткені ғылымсыз бұл саланы дамыта алмаймыз. Кадрларды даярлау кезінде заманауи кәсіби стандарттарды енгізуге баса назар аударылуы тиіс», — деді Әлихан Смайылов. 
 

Өзгелердің жаңалығы