Биыл су пайдалануға қатысты заңбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 146,7 млн теңгеге жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жыл қорытындысына арналған баспасөз брифингі барысында мәлімдеді.
Жалпы алғанда, анықталған заңбұзушылықтар саны 221-ден 526-ға дейін артқан.
Министрдің айтуынша, салынған айыппұлдар саны 501-ден 801-ге дейін көбейіп, айыппұлдардың жалпы сомасы 41,2 млн теңгеден 146,7 млн теңгеге дейін өскен.
Министрлік су ресурстарының заңсыз айналымын жою бағытындағы жұмысты жалғастырады. Осыған байланысты Бас прокуратурамен бірлесіп іс-шаралар жоспары әзірленіп жатыр. Құжатта су ұрлығы мен заңсыз су пайдалануға қарсы тиімді күрес жүргізу үшін құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен республикалық деңгейде ведомствоаралық жұмыс тобын құру көзделген, – деді ведомство басшысы.
Ол сондай-ақ суды ұтымды пайдалануда суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудың маңызы ерекше екенін атап өтті.