Су саласы мамандарын даярлау мәселесі талқыланды

8 Желтоқсан 2023, 10:48
557
Бөлісу:
Су саласы мамандарын даярлау мәселесі талқыланды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Француз даму агенттігінің (AFD) өкілдерімен кездесіп, су саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ министрлікке сілтеме жасап.
 

Агенттік өкілдері Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Франция Президенті Эммануэль Макронмен жақында өткен кездесуінен кейін қос тарап су секторын қоса алғанда, түрлі бағыттардағы ынтымақтастықты белсенді түрде нығайтуға ниетті екенін атап өтті. Қонақтар 100-ге жуық елде жұмыс істейтін AFD бірлескен жобалар бойынша техникалық сараптама, несие түрінде ұзақ мерзімді қаржыландыру және техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға гранттар беруге дайын екенін хабарлады.

Сондай-ақ, Француз даму агенттігінің өкілдері Астана қаласында қазақстандық филиал ашуға ниет білдірді. 

Өз кезегінде Нұржан Нұржігітов су ресурстары және ирригация министрлігі отандық су саласының мамандарын оқыту және біліктілігін арттыру үшін француз мамандарын тартуға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, министр франциялық сарапшыларды елдің су шаруашылығы объектілерінің ағымдағы жай-күйі туралы дерек жинайтын ахуалдық ақпараттық орталықтың жұмысына тарту мәселесін де қарауды ұсынды. 

Франция су саласының мықты мамандары бар ел ретінде беделге ие және біз халықаралық озық тәжірибені қабылдағымыз келеді. Әрине, су ресурстарын жинақтау және заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері өзекті болып қала береді. Біз осы бағытта да тиімді ынтымақтастық орната аламыз деп үміттенеміз, - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Кездесу қорытындысы бойынша AFD өкілдері ықтимал жобалар мен оларды іске асырудың қаржылық модельдерін егжей-тегжейлі талқылау үшін техниктер арасында екіжақты кездесулер ұйымдастыруға дайын екендіктерін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы