Су мен энергия мәселесі: Орталық Азия елдері ынтымақтастықты тереңдетеді

Тараптар су ресурстарын тиімді пайдалану мен энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

 Су ресурстары және ирригация министрлігі Бүгiн 2026, 16:19
Бүгiн 2026, 16:19
168
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бішкекте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның су-энергетика саласына жауапты ведомстволары басшыларының үшжақты кездесуі өтті. Қазақстан делегациясын келіссөздерде Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов басқарды.

Кездесу барысында тараптар су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, өңірлік энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, су ресурстарын ұтымды пайдалану және алдағы вегетациялық кезең мен күзгі-қысқы маусымда бірлескен іс-қимылды үйлестіру мәселелері қаралды.

Кездесуге қатысушылар энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және өңірдің орнықты дамуына бағытталған тұрақты диалог пен практикалық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Сондай-ақ су-энергетика саласындағы тиімді өзара іс-қимыл Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделер тепе-теңдігін сақтауға және тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал ететіні айтылды.

Келіссөздер барысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілді екенін растады. Бұл ретте электр энергиясын жеткізу, энергетикалық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және су-энергетикалық режимдерді үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітетін және алдағы өзара іс-қимыл бағыттарын айқындайтын хаттамаға қол қойды. Құжат өңірлік әріптестікті нығайтуға, бірлескен жұмыстың тиімділігін арттыруға және Орталық Азияның су-энергетикалық кешенінің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

 
 
Наверх