Мемлекет басшысы өз жолдауында «су мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды» деген болатын. Соған орай елдегі су мәселесіне бұған дейін де қалам тербеген болатынбыз – деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Осы жолы «Қазсушар» РМК-ның жұмысына назар аударып көруді жөн санадық.
Бізде бар мәліметке сүйенсек, «Қазсушар» РМК жарғылық капиталын ұлғайту" бюджеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 241 жобаны іске асырудың жалпы құны 63,6 млрд теңге. Ал Халықаралық қаржылық қорлардың жобалары бойынша республикалық бюджеттен 11,9 млрд теңге қосымша бөлінген.
Осы орайда “Казсушар” Бас директорының орынбасары Ерлан Сәдуақасовты әңгімеге тартқан едік.
- Жоғарыда атап өткен 75 млрд-тан өзге де қаржыландыру көздері бар ма?
- Бар, бірақ ол басқа жобаларға негізделген. Мысалы қаржы-экономикалық негіздеме бойынша 5 жобаның жалпы құны 51,7 млрд теңге, оның ішінде 41 229,3 млн теңге бөлінді.
- Бір қарасаңыз санауға тіл жетпейтіндей сома. Бұның бәрі қайда жұмсалады сонда?
- Орынсыз ақша болмайды ғой. Осы қаржының мүмкіндігін пайдалана отырып, барлығы 52,9 мың гектар жерді қалпына келтіру жоспарланған. Яғни сол арқылы 41 жоба іске асатын болады. Бүгінгі таңда сол 41 жобаның 22-сі аяқталды. Соның арқасында 18 елді мекенді су басу қаупі жойылып, 15,7 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілді. Жыл соңына дейін тағы 8 жобаны аяқтасақ па деп отырмыз. Егер ол ойдағыдай жүзеге асса, жалпы аумағы 18,5 мың гектар болатын суармалы алқап қалпына келтіріледі.
- Жоғарыда келтірілген мәліметте 240-тан астам жоба іске асатыны туралы айтылған. Сіз 50-ге жетер-жетпес жобаның іске асып жатқанын айттыңыз. Қалғаны қашан жүзеге асады?
- Қалған жобаларды аяқтау әзірге сапасыз жобалық шешімдерге байланысты кешіктіріліп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттамасы түзетуге жіберілді. Сонымен қатар, негізгі материалдар мен жабдықтардың жобалық бағасы нарықтық бағаға сәйкес келмейді. Осындай мәселелерге байланысты қалған жобалар Мемлекеттік сатып алу порталында конкурсқа жіберілген жоқ. Алдағы уақытта барлығын дұрыстап, қайта өткізетін болса, ол жобалардың да жүзеге асуына мүмкіндік болады деп ойлаймын.
- Жақсы, ол уақыт еншісіндегі мәселе болды. Ал жаңағы өзіңіз айтып кеткен, жүзеге асқан жобалар туралы толығырақ айтыңызшы. Қандай жоба, қайдан қаржыландырылды дегендей?..
- Ислам Даму Банкінің қарызы есебінен жалпы ауданы 136,9 мың га болатын Алматы (35,4 мың га) және Түркістан облыстарының (101,5 мың га) ирригациясы мен дренажын қалпына келтіру жобасы іске асырылып жатыр.
Жобаның мақсаты – Алматы облысының ирригациялық жүйелерін қалпына келтіру және Түркістан облысының мелиоративтік жағдайын жақсарту болмақ.
Жоба негізінен 2018 жылы басталған, биыл аяқталады деп отырмыз. Бұған дейін де бітіруді ойластырған еді, белгілі себептерге байланысты жұмысты аяқтау уақыты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен халықаралық қаржы ұйымдары арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімдерді іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесі отырысының 08.09.2021 ж. № Б-564 хаттамасына сәйкес ұзартылды.
- Бұл жобаға қанша қаржы жұмсалды?
- Жобаның жалпы құны – 53,2 млрд теңге. Оның 48,3 млрд теңгесі қарыз есебінен, 4,9 млрд теңгесі республикалық бюджеттен төленіп отыр. Дәл қазіргі күні 10,2 млрд теңгесі игерілді.
- Түркістан облысының нақты қай аудандарында жұмыс жүргізіп жатырсыздар?
- Түркістан өңірі Сырдарияға сүйенсе де, суға тапшы өңір ғой. Оның да өз себебі бар. Диханшылықпен айналысқан соң, суды көбірек тұтынады. Әсіресе мақта маусымы басталғанда Мырзашөл мырзалық таныта алмай қалады. Сондықтан Түркістан облысы бойынша Мақтаарал ауданында 37,1 мың га алаңда 210 және Шардара ауданында 64,5 мың га алаңда 302 тік дренаж ұңғымаларын қалпына келтіру жоспарланған. Осы екі жоба бойынша 2021 жылғы 23 қыркүйекте жаңа жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге банктің мақұлдауы алынып, өткен қыркүйек айында "Temelsu" АҚ халықаралық ұйымымен келісімшарт жасалды.
- Сонда бұл жұмыстарды жаңағы атаған халықаралық ұйым бір өзі ғана жүргізе ме? Яғни, басқа бәсекелес болмай ма дегенім ғой?
- Мақтаарал ауданында жобалар бойынша ұсыныстарды бағалау жүргізілгеннен кейін 1-лот және 2-лот бойынша конкурстық өтінімдерді ашу рәсімдері жүргізіліп, конкурстарды өткізілмеді деп жариялау және сатып алу рәсімін қайта өткізу туралы шешім қабылданды. Екі лот бойынша (113 СВД, 89 СВД) конкурс қайта жарияланды.
Ал Шардара ауданы бойынша да тура солай, екі лот (105 СВД, 89 СВД) жарияланды, үшінші лот (105 СВД) бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.
- Су мәселесі еліміздің барлық өңірінде өзекті болып барады. Алматы облысы мен Түркістаннан басқа өңірде мұндай жобалар жоқ па?
- Иә, рас айтасыз, қазіргі таңда тұщы су былай тұрсын, жайлымдық жерлерді, суармалы алқаптарды, диханшылықты сумен қанымдау мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Осыны ескере отырып, еліміз халықаралық қаржылық қорлар арқылы су саласына инвестиция салуды қолға алып отыр. Жаңа атап өткенімдей Ислам даму банк еліміздің екі облысында су ұңғымаларын қалпына келтіретін болса, Еуропалық қайта құру және даму банкінің жобасы аясында Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарында 92,7 мың га алаңда суару желілерін қалпына келтіру бойынша 53 жоба іске асырылып жатыр.
Жоба мақсаты жоғарыда атап өткенімдей, ирригациялық инфрақұрылымды қалпына келтіру. Бұл тұрғыда Ақтөбе, Жамбыл және Түркістан облыстарының суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ету жоспарда бар.
- Бұл жоба қашан аяқталады?
- Бұл жоба да сол 2018 жылы басталған. 2023 жылы аяқталады деп болжанып отыр.
- Бұған қанша қаржы жұмсадыңыздар?
- Жобаға жұмсалған 60,9 млрд теңгенің 53,9 млрд теңгесі – қарыз болса, республикалық бюджеттен 7,0 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 25,7 млрд теңгесін игердік.
- Қай өңірден қанша жерді игереміз деген ойларыңыз бар?
- 2018-2020 жылдар аралығында Ақтөбе облысы бойынша ауданы 14,1 мың гектар болатын 13 нысан аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 8,9 мың гектары – тұрақты суару болса, 5,2 мың гектары – лиманды суару жүйесі. Ал өткен 2021 жылы Түркістан облысы бойынша ауданы 1,5 мың гектарлық бір жоба аяқталды.
Жамбыл облысының Жамбыл, Жуалы, Байзақ, Меркі және Қордай аудандары бойынша жалпы аумағы 51,3 мың гектар болатын 34 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазірпгі таңда жобаларды түзетуге байланысты 14 нысанның жұмысы жанданып келеді.
Ал Түркістан облысының Шардара, Ордабасы, Отырар аудандары бойынша жалпы ауданы 25,7 мың гектарды қамтитын 4 жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде биыл ақпанда 2 жоба (КДС, ҚӨК) бойынша жобаларды іске асыру мониторингі барысында "Қазсушар" РМК-мен "ORION CONSTRUCTIONS LTD" ЖШС мердігердің банктік кепілдіктер түрінде жарамсыз қаржылық құжаттарды ұсынғаны анықталды, бүгінгі күні сот талқылауы жүріп жатыр. Одан бөлек 2 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағңы бір жобаны жыл соңына дейін бітіреміз деп отырмыз. Ал қалған 1 жоба 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деген меже бар.
- Әңгімеңізге рахмет!