Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл жұмыс 2027 жылға дейін аяқталатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2027 жылға дейін су есептеу жүйесін толық цифрландыру, сондай-ақ автоматтандырылған гидрожапқыштарды енгізуді жоспарлап отырмыз. Айта кету керек, цифрландыру жобаларын әзірлеу барысында басым бағыт отандық өндірушілердің заманауи технологиялық шешімдері мен жабдықтарына беріледі. Аталған іс-шаралар аяқталған соң су ресурстарына қатысты барлық мәлімет ақпараттық жүйеге толық енгізіледі. Бұл су алу мен бөлу үдерісін тиімді жоспарлауды, сондай-ақ оның ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді, - деді ол Үкімет отырысында.
Нұржан Нұржігітов былтыр су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы құрылғанын еске салды.
Жүйенің тиімді және үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы құрылды. Орталықтың негізгі міндеті – су қорына қатысты деректерді жинау, жүйелеу және талдау, ақпараттық жүйені сүйемелдеу және дамыту, - деді министр.
Бұған дейін министр еліміздегі 53 ауылға алғаш рет орталықтандырылған ауыз су тартылатыны жайында айтты.