Суға батқан адамды құтқарған полицей мемлекеттік марапатқа ұсынылды

22 Маусым 2019, 15:02
2681
Бөлісу:
Суға батқан адамды құтқарған полицей мемлекеттік марапатқа ұсынылды
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының жергілікті полиция қызметінде іздестіру тобының аға инспекторы, полиция мойоры Дастан Азанбаев 2 маусым күні суға батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалған. Дастан Азанбаевты облыстық полиция департаменті мемлекеттік марапатқа ұсынды.

Жергіліктіполиция қызметінде іздестіру тобының аға инспекторы болып жұмыс істейтін Дастан Азанбаев құқық қорғау саласында 17 жылдан бері еңбек етеді. Тәртіп сақшысы 2 маусым күні түскі үзіліс уақытында үйіне қайтып келе жатып, Федоров суқоймасында суға батып бара жатқан адамды байқап қалады. Көп ойланбастан суға секірген полицей өзінің өміріне төнген қауіпке қарамастан, адамның өмірін құтқарып қалды. 

«Көлікпен үйге қайтып келе жатқан едім. Жанымда бауырым болды. Ол суда батып бара жатқан адамды байқағанын айтты. Көлікті тоқтатып, бауырыма 112-ге телефон шалуды тапсырып, өзім суға секірдім. Негізі өзім жақсы жүзи алмаймын. Жүзуге бала кезімде үйренген едім, ауылда тұрдық, жеткіншек шақта сол жердегі өзен суына шомылғанды ұнататын едік. Жақсы жүземін деп айта алмаймын. Анда-cанда бассейнге барамын. Сол күні бұл жайлы ойлауға да мұрша болмады. Адам суға батып кете ме деп қорықтым. Ер адам маған жабысып, басымнан ұстап, мені де төменге тартып, жанталасты. Бұл қалыпты жағдай, су батып бара жатқан адамдар үрей үстінде осылай жасайды. Дегенменде ер адамды жағаға алып шығу мүмкін болды. Жедел медицина дәрігерлері келгенге дейін оған алғашқы көмек көрсеттім. Менің орнымда болған кез келген адам осылай істер еді деп ойлаймын», - дейді Дастан Азанбаев.

Оның айтуынша, балық аулауға келген қала тұрғыны күн қатты ысып кеткеннен кейін суға түспек болады. Бірақ аяғының сіңірі тартылып, суға бата бастайды. Осы уақытта жақын жерде болған тәртіп сақшысы оның өмірін сақтап қалды. Тәртіп сақшысының ерлігі кездейсоқ бейнетаспаға түсіп, әлеуметтік желіні шарлап кеткен. Бейбіт күннің батыры атанған Дастан Азанбаевтың өзі полиция болуды жас күнінен армандағанын айтады.

«Жастайымнан адамдарға көмектескенді, оларды қорғағанды ұнататынмын. Немере ағам құқық қорғау саласында жұмыс істеді. Ағамның киімі қатты ұнайтын, оның фуражкасын киіп көріп, пагонындағы жұлдызшаларын санайтын едім. Мектепті аяқтаған соң әскери кафедрасы бар Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне түстім. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін әскерге келісімшартпен жұмыс істеуге барғым келді. Алайда, бойым ұзын болмағандықтан және арық болғандықтан онда жұмысқа алмадым. Содан кейін, заң саласы бойынша жоғары білім алып, өзім армандаған құқық қорғау саласына жұмысқа орналастым. Алдымен учаскелік полиция көмекшісі болып жұмыс істедім, одан кейін әкімшілік полицияға ауыстым», - дейді полицей.

Қатардағы учаскелік полиция көмекшісінен полиция майорына дейін көтерілген қарағандылық полицей жұмысының ауырлығына қарамастан, қызметін адал атқаратындығын айтады.

«Жол апатымен жұмыс істейміз. Күн сайын апатқа ұшығараған көліктерді, жарақаттанған адамдарды көреміз. Жолда апатты жағдай туындатып, оқиға орнынан қашып кеткендерді іздестіреміз. Кез келген жол көлік оқиғасы жүрегімді ауыртады, әсіресе жолдың жаяу жүргіншілерге арналған бөліген өтіп бара жатқан адамды басып, содан кейін оны өлім халінде тастап кететін жағдайларды көргенде қиналамын. Қандай жағдай болмасын, тоқтап көмек көрсетуге ұмытылу керек деп ойлаймын. Жол апатына кінәлілерді іздеп табу міндетіміз. Ар-ұжданыма сай қызмет етуге тырысамын. Полицияға жұмыс істеу үшін емес, ақша табу үшін келетіндерді түсінбеймін. Жұмысым қиын ғана емес үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Кейде жұмыстан түнде, демалыс күндері хабарласады, үнемі байланыста болуы қажет», - дейді Дастан Қанатұлы.

Жергілікті полиция қызметінде еңбек ететін полицей қазақстандық құқық қорғау қызметінің имиджі жыл сайын көтеріліп келе жатқандығын айтады. Оның сөзінше, адамдар қиналғанда, қандай да бір жағдайға душар болғанда, жол апатына ұшырағанда алдымен полиция қызметіне жүгінеді. Ал, құқық қорғау қызметкерлері тұрғындарға көмектесуге әрқашан дайын.

Полиция мойоры Дастан Азанбаевтың жұбайы да құқық қорғау қызметінде жұмыс істейді. Полицейлер отбасында екі ұл өсіп келеді.

«Үлкен ұлым Әлихан, өскенде тіс дәрігері болсам деп армандайды. Ал, 2 жастағы Алдияр машинаны жақсы көреді, полиция машинасы оның ең сүйікті ойыншығы. Мүмкін ер жеткенде менің жолымды қуар. Өмірлік серігім Әсел Исабекова да ішкі істер саласында. Ол полиция капитаны. Өзі де қоғамды тәртіпті қадағалайтын болғандықтан менің қиын жұмысыма түсіністікпен қарайды», - дейді Дастан Азанбаев.
Өзгелердің жаңалығы