Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мыңнан астам студенті жаз бойы құрылыс жұмыстарында іс-тәжірибеден өтеді, деп хабарлайды Хабар 24.
Бүгін солардың алғашқы легі Түркістан облысының орталығында жүріп жатқан құрылыс нысандарына көмек беруге аттанды. Олар Түркістанда салынып жатқан көпқабатты үйлер, балабақша мен спорттық нысандардың кірпішін өз қолдарымен қалайды.
«Жастардың жаз бойы төккен тері мен еңбектері ақталады. Оларға жұмысына қарай қомақты айлық төленеді», – дейді университет басшылығы.
Айта кетейік, студенттерден құралған құрылыс жасағы осыған дейін де Шымкенттегі Нұрсәт және Тұран мөлтек аудандарының құрылыс жұмыстарына қатысқан еді.
«Біз құрылыс жасақтың алғашқы студенттері болғандықтан ол жерде құрылыс жасаймыз. Әркім өз мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Ол жерде пікір алмасып, білмегенімізді үйренеміз. Өзімізге тәжірибе жинаймыз», - дейді студент, Нұрша Есжан.