Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің журналистика кафедрасының үздік үш студентіне талантты журналист Бейсен Құранбек атындағы стипендияны табыс етті.
Шараға Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры Жанар Темірбекова, елімізге танымал тележурналист Әбдез Рахманұлы және бір топ облыстық мәслихат депуттатары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шарада сөз алған оқу орнының жаңа басшысы Жанар Амангелдіқызы озат студенттерге қолдау білдіріп, шабыт сыйлаған одақ төрағасына шынайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ ол алдағы уақытта облыстық журналистер одағымен бірге ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай марқұм Бейсен Құранбек туралы кеңінен сөз қозғап, оның қазақ журналистикасына қосқан үлесін тілге тиек етті.
Талантты журналист Бейсен Құранбекпен бір группада білім алдық. Дос болдық. Бейсен еңбек жолын спорт газетінен бастап, барлық сатылардан өткен өте тәжірибелі нағыз журналист еді. Оның қазақ журналистикасына қосқан үлесі орасан. Бір ғана «Айтуға оңай», «Қаракет» сынды ток-шоулары елдің ыстық ықыласына бөлінді. Алайда Бейсеннің ғұмыры тым қысқа болды. Алланың бұйрығы шығар. Ендеше бүгінгі Бейсен атындағы степендияны иеленіп отырған іні-қарындастарымызға досымыздың ғұмырын емес, тағдырын емес, талантын, еңбексүйгіштігін, адалдығын берсін деп тілейміз, - деді Ғалымжан Қамытбекұлы.
Шара барысында Бейсеннің әріптестері мен достары естеліктер айтып, студенттерге ақыл-кеңестерін берді.