Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Студенттердің бұл еңбегі 100 дана болып абайтанушы жас ғалымдарға, докторанттар мен магистраннтарға жол тартты.
Сулейман Демирел атындағы Университеттің «Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінің 3-курс студенттері: Гүлнұр Ерғалиева, Томирис Аралбай, Ұлбану Кемелхан, оқу орнының белді оқытушысы, ф.ғ.к., доцент Жолдасбек Мәмбетовтың қолдауымен, жиырмасыншы ғасырдың басындағы ғалым, көрнекті әдебиет сыншысы - Ғаббас Тоғжановтың «Абай» монграфиясын алғаш рет кирилл әліпбиіне түсіріп, жарыққа шығарды.
Ғылыми еңбек ұлы ойшыл-ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойының аясында жарық көріп, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне орай тұсауы кесілді. Кітаптың тұсау кесу рәсімі оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрымының, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдарының, СДУ ректорының және зерттеу жұмысына еңбек еткен студенттердің қатысуымен өтті.
Ғаббас Тоғжанұлының 1935 жылы латын қарпінде жарық көрген Абай монографииясы Абай Құнанбаевтың шығармаларына арналған алғашқы толымды еңбек. Он бөлімнен тұратын монографиялық зерттеуде Абайдың ақындық өнеріне әр қырынан талдаулар жасалған. Алайда, Кеңес дәуіріндегі саяси жағдайларға байланысты бұл монграфияны оқуға тыйым салынған. Зерттеу еңбек тәуелсіздік алғалы 30 жылға жуық уақыт өтсе де, кирилл хәрпіне түсіріліп, қайта басылған емес. Осыған орай, араға 85 жыл уақыт салып, кітап тұңғыш рет СДУ Ғылыми кеңесінің қолдауымен, студенттердің еңбектенуімен қолданыстағы әліпбиге көшіріліп шығарылып отыр, - деп мәлімдеді ф.ғ.к., доцент Жолдасбек Мәмбетов, кітаптың тұсар кесер рәсімінде.
Ғылыми еңбекке М. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының ғалымдары да оң баға беріп, кітаптың заманауи ғылыми ортаға берер зор құндылығын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, «Абай» монографиясы талай жылдар бойы жарық көрмей мұрағатта жатуы - сол кезеңдегі уақыт талабына сай барша зиялы қауым өкілдерімен қатар, бай ортадан шыққан Абай шығармашылығының да сынға алынып, біршама бұрмаланғанына байланысты.
Ол тұста өз пікірін ашық білдіріп, әдеби шығармаларға оң баға берудің өзі қыспаққа алынып, қудаланған, керісінше, әдебиеттің әр саласын пролетарлық сипатта өркендетудің жолдарын қарастырып, айтыс-тартстың өршіп тұрған кезі болған. Сондықтан сол күнгі бұрмаланған тарихты бүгінгі ұрпаққа дұрыс дәріптеп, түсіндіру - бүгінгі зерттеушілердің еншісінде. Жарыққа шыққан ғылыми еңбек сонысымен де құнды, деген көзқараста әдебиетшілер.
Айта кеткен жөн, бұл монография «Әдебиет теориясынан» дәріс беруші, СДУ-дың белді оқытушысы, ф.ғ.к., доцент Жолдасбек Мәмбетовтың студенттерді қолдауымен жарық көрген екінші зерттеу еңбегі болып табылады. Бұған дейін оқытушы ҚазМҰУ студенттерімен бірлесіп, Есмағамбет Смайыловтың латын тіліндегі еңбегіне аударма жасаған.