Қытайда 19 жастағы студент смартфонды шамадан тыс қолдану және ауыр жұмыс салдарынан сал болып қалды. Дәрігерлер ота жасап, оның өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Oddity Central басылымына сілтеме жасап.
19 жастағы Сяо Дун бірнеше жыл бойы бос уақытын телефонға үңіліп өткізіп келген. Ол тым жиі бейнеойындар ойнап, әлеуметтік желілерге кірген, бұл оның денсаулығына кері әсерін тигізген. Дунның жағдайын жазғы қосымша жұмысы одан әрі ушықтырған: ол ыдыс жуып, үстел сүртетін жұмысқа тұрған. Бұл үшін де студентке басын жиі еңкейтуге тура келген.
Көп ұзамай Сяо Дун мойнында, қолы мен аяқтарында ұйып қалуды сезіне бастаған. 30 шілдеде ол оянғанда денесінің төменгі бөлігін сезбей, қимылдата алмай қалған. Студент шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлер оның мойын омыртқасында тамыр жарылуы салдарынан тромб пайда болғанын анықтады. Ол жұлынға қысым түсіріп, сал болуына әкелген.
Дәрігерлер ота барысында тромбты алып тастады. Қазір Сяо Дун оңалып жатыр. Жақын арада ол денесін қайта басқара алады деп күтілуде.