Стратегиялық "ойлау орталығы" құрылады – Исекешев

8 Қаңтар 2020, 20:19
3779
Бөлісу:
Стратегиялық "ойлау орталығы" құрылады – Исекешев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешевті қабылдады, деп хабарлады elbasy.kz.

Кездесу барысында Әсет Исекешев қордың әлеуметтік және білім беру салаларындағы жобаларының іске асырылуы туралы баяндап, 2020 жылға арналған жұмыс жоспары туралы мәлімет ұсынды.

2019 жылы Қор 95 жобаны жүзеге асырды. Олардың қатарында білім саласындағы талантты шығармашыл және ғылым саласындағы дарынды жастарды қолдау жобалары бар. Әлеуметтік салада бірқатар жобалар, соның ішінде қайырымдылық шаралар жүзеге асырылды. 2019 жылы қор жобаларының қамту аясы айтарлықтай кеңейіп, іс-шараларға қатысушылардың жалпы саны 460 мың адамды құрады, - деді қордың атқарушы директоры.
Сонымен қатар, Ә.Исекешев Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының қызметі туралы ақпарат берді.
Әлемдік экономика және саясат институтының негізінде геосаясат, экономика, адам капиталы, сондай-ақ, әлеуметтік және аймақтық зерттеулер жүргізу үшін стратегиялық "ойлау орталығы" құрылады. Біз 20-дан астам конференциялар, дөңгелек үстелдер мен форумдар өткіздік, - деді қордың атқарушы директоры.
Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш президентіне қордың трансформациясы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы мәлімет ұсынылды. Келесі жылы Тұңғыш президент қорының негізгі бағыттары бойынша 125 іс-шара өткізу жоспарланған. Кездесу соңында Елбасы бірқатар нақты тапсырма берді.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Кеңсесінің басшылығымен кеңес өткізді. Отырыс барысында Елбасы Кеңсесі қызметінің 2019 жылғы қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары қаралды.

сир.jpg

Кеңесте Елбасының қызметін қамтамасыз ету аясындағы міндетердің орындалуы, соның ішінде Қазақстанның Тұңғыш президентінің қатысуымен өтетін шетелдік сапарлар мен мемлекет ішіндегі іс-шараларға дайындық туралы ақпарат ұсынылды.

Сондай-ақ, Елбасының 2020 жылғы жұмыс кестесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, кеңеске қатысушылар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады. Кеңес қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.



Өзгелердің жаңалығы