Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Стоматологиядағы 3 жасар қыздың өлімі: Сотта оқиғаның видеосы көрсетілді

25 Қараша 2025, 16:55
569
Бөлісу:
 видеодан скриншот
VIDEO
Фото: видеодан скриншот

Астана сотында жеке стоматологияда болған үш жасар қыздың өлімі бойынша іс қаралуда. Отырыста 25 қарашада болған қайғылы оқиғаның видеожазбасы көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қайғылы оқиға 2024 жылғы 30 қазанда орын алды: 3 жасар қыз жеке клиникалардың бірінде тісін наркозбен емдегеннен кейін оянбады.

Әкесінің айтуынша, процедура жоспарланған үш сағаттың орнына 3,5 сағаттан астам уақытқа созылған.

Бұрынғы сот отырыстарында ол дәрігерлер баланың 18 тісін бірден емдеуді шешкенін айтып, оны бірнеше кезеңге бөліп емдеуге болатынын жеткізген.

Іс бойынша айыпталушы – анестезиолог. Тісті емдеген стоматолог сотқа келген жоқ. Іс ҚР ҚК-нің 317-бабының 3-бөлігі «Медициналық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан адамның өліміне әкеп соққан қателік» бойынша қаралуда.

Анестезиологқа төрт жылға дейінгі қамау немесе шектеу түріндегі жаза тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды үш жылға дейін атқару құқығынан айыру ықтималдығы бар.

25 қарашада сот отырысында стоматологиялық кабинеттегі бақылау камерасының жазбасы көрсетілді. Кадрларда қыздың ата-анасымен бірге сағат шамамен 09:30-да консультацияға келгені көрінеді.

09:45-де балаға наркоз салынған, ал емдеу процедурасы шамамен 10:00-де басталған.

13:49-де стоматолог кабинеттен шығып кетеді. Содан кейін анестезиолог пен ассистенттер баланың жағдайын тексеріп, ЭКГ аппаратына қосады.

Видеодан көрінгендей, 14:00-де анестезиолог қызға жүрек массажын жасауды бастайды.

Айыпталушының соттағы сөздеріне сәйкес, 14:02-де монитор жүрек ырғақтарының бұзылуын тіркеп, қарыншаларды дефибрилляциялауды көрсетті.

14:03-де видеожазба аяқталады.

Тараптар әзірге видеожазбаға пікір білдірген жоқ. Сот отырысы жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы