Кеше Степногорск жылу электр орталығында №2 қазан агрегатындағы су экономайзерін бөлшектеу кезінде мердігер ұйым қызметкерлерімен қайғылы оқиға болып, 1 адам қаза тапты. Жарақат алған 3 адам ауруханада ем қабылдауда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиғадан кейін жарақат алғандар Степногорск қаласының көпсалалы ауруханасына жеткізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, 3 жұмысшының жағдайы тұрақты. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қажетті ем толық көлемде көрсетілуде.
Апаттың себебі мен мән-жайын анықтау үшін Еңбек инспекциясы комитетінің департаменті арнайы комиссия құрды. Тергеу аяқталған соң материалдар құқық қорғау органдарына процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберіледі.
ЖЭО басшылығы қаза тапқан адамның отбасына және зардап шеккен мердігер ұйым қызметкерлеріне жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Степногорск ЖЭО-да оқыс оқиға болып, бір жұмысшы қайтыс болды.