Степногорда қыс басталмай ЖЭС-тің бу құбыры жарылды

21 Қараша 2023, 08:45
495
Бөлісу:
Степногорда қыс басталмай ЖЭС-тің бу құбыры жарылды
Фото: baq.kz

Степногор қаласында қыс басталмай жатып жылу электр стансасының бу құбыры жарылды. Ондаған жылдар бойы жөндеу көрмеген нысанның жұмысы жиі бұзылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Степногордағы ЖЭС өткен жылдың қысында-ақ апатты деп танылған. Степногор ЖЭС-іне бюджет қоржынынан 3 миллиард теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілген. Бірақ бұл қомақты сома тозығы жеткен жылу стансасына жетпеген сияқты.

Жылу электр стансасынан Степногор қаласына дейін созылған 21 шақырымдық жылу құбыры мен қала ішіндегі жүздеген шақырымдық құбырдың қазіргі уақытта 80 пайыздан астамы тозған. Жылу құбырларының тозуының салдарынан өткен жылдың көктемінде екі бірдей жылу қазандығы жарылған. Оның алдыңғы жылы ғана төрт мәрте апатты жағдай болған.

Қала әкімдігінің парақшасына тұрғындар «Адамдар зардап шекпегеніне шүкір», «Қыс басталмай жатып тағы басталды. Өткен аптада ғана барлығы дұрыс деп еді», «Қыс бойы осылай болады, біресе анасы, біресе мынасы сынады. Ең бастысы миллиардтарды жөндеуге жұмсады. Ал іс жүзінде бәрі кері кеткен» деп алаңдаушылық пікірлер жазды.

Қала тұрғындарының кейбірі үйлерінің салқындап кеткенін жазып жатыр. Дегенмен қала әкімдігі мен жылу электр стансасы басшылығы жағдайдың үш-төрт күнде қалпына келетінін айтып ақталды.

20 қарашада Степногор жылу электр стансасының бу құбыры зақымдалды. Дегенмен бұл қаланың жылумен қамтылуы мен температуралық режимге ықпал етпейді. Жөндеу жұмыстары 3-4 күн ішінде жүргізіледі. Қазір Степногор қаласы мен Заводской кентінде температуралық режим температуралық кестеге сай беріліп жатыр. Жағдай жергілікті атқарушы органның бақылауына алынған, - деді Степногор қаласы әкімдігінен.

Өзгелердің жаңалығы