Статистика бюросы инфляцияны есептеу үшін пайдаланылатын дереккөздер санын көбейтеді

7 Ақпан 2023, 15:20
832
Бөлісу:
Статистика бюросы инфляцияны есептеу үшін пайдаланылатын дереккөздер санын көбейтеді
Фото: kazgazeta.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында бюро басшысы Жандос Шаймарданов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Жаңа тәсіл фискалдық операторлардың деректері негізінде инфляция мониторингін жасауға мүмкіндік береді. Жаңашылдық статистиканы қалыптастырудың тиімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, шығындарды оңтайландырып, деректер сапасын арттырады.

Қаржы министрлігімен бірлескен келісім бойынша әзірленген жоба қазір пилотты тәртіпте сыналып жатыр. Деректерді жинаудың жаңа әдісі бюроның мәліметтерді жинаудағы дәстүрлі әдісімен қатар жүргізілетін болады. 

Бюро жұмысының басым бағыттарының бірі – балама дереккөздерді пайдалану, бұл – фискалдық чектер, яғни кассадан берілетін чектегі мәліметтер. Бірқатар Еуропа елі бұл дереккөзді инфляцияны есептеу үшін белсенді түрде қолданып жатыр. Біз де Қазақстанда осындай жобаны іске асыруға кірістік, Халықаралық валюта қорының сарапшылары әдіснамалық көмек көрсетті. Қаржы министрлігі өз тарапынан фискалдық деректерді ұсынды. Біз оларды мұқият зерттеп жатырмыз, қазіргі уақытта деректерді «тазарту» және белгілеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың негізінде модель құрылады, ол чектегі тауарларды тұтынушы себетінің құрылымына қарай жіктеуге мүмкіндік береді, – деді Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов. 

Бұл модель негізінде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауары анықталып жатыр, бұдан кейін тауарлар мен қызметтердің тізімі кезең-кезеңмен кеңейтіледі. Инфляцияны есептеу кезінде фискалдық деректерге толық көшу үшін деректердің тазалығы мен салыстырмалылығын қамтамасыз ететін, сондай-ақ ХВҚ әдістемесімен расталған тауарлар мен қызметтердің бірыңғай каталогын енгізу қажет.

Бүгінгі таңда тұтыну нарығы бойынша ақпаратты аумақтық статистика органдарының мамандары жинайды. Мамандар сауда орындарын айналып өтіп, мониторинг жүргізеді. Баға индексін есептеу үшін Бюро қыметкерлері ай сайын (инфляция бойынша) және апта сайын (ӘМАТ  бойынша) бір уақытта, республика бойынша өз учаскелерінде бағаларды тіркейді. Отырыс барысында бюро басшысы осы статистикалық деректерді жинау процесін жеңілдететін жаңа мобильді қосымшаға да тоқталды.

Қазіргі уақытта өңірлерде бағаны біздің мамандар қағазға жазбаша түрде түсіреді. Арнайы қосымша баға котировкасын электронды түрде жазып қана қоймай, сонымен қатар штрих-кодты және өнімнің суретін жасауға, объектінің орналасқан жерін растауға және деректерді онлайн режимде жіберуге мүмкіндік береді, – деді  Жандос Шаймарданов.

Осылайша, бұл деректерді өңдеу уақытын қысқартуға, бақылау сапасын арттыруға және баға талдауын жақсартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қаңтарда жылдық инфляция көлемі 20,7%, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 23,4%-ға өсті.

Өзгелердің жаңалығы