Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Standard&Poor's халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде растады, болжам – «Тұрақты».
Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстанның рейтингін қолдайтын маңызды факторлар — ел экономикасының тұрақты фискалдық және сыртқы баланстары. Бұл ретте елдің өтімді сыртқы активтерінің болуы Қазақстанның фискалдық тұрақтылығына айтарлықтай оң әсер етеді.
Агенттік Үкіметпен бірлескен талқылаулардан кейін, Ресейге қатысты экономикалық санкциялардың салдарын еңсеруге болатынын айтты.
Сонымен бірге Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалындағы өткізу қабілетінің төмендеуі уақытша және Қазақстанның экспорттық мұнай жеткізілімінің айтарлықтай үзілісіне алып келмейді.
Жалпы S&P елдің тұрақты мемлекеттік және сыртқы баланстары, мұнай мен алтын бағасының өсуімен қатар, сыртқы күйзелістерді жұмсартуға жеткілікті екенін атап өтеді. Standard&Poor's деректеріне қарағанда, Қазақстан экономикасының өсуі 2022 жылы 2% деңгейінде болжанып отыр.