Биылғы жылы Солтүстік Қазақстан облысында жаңа инновациялық 4-ші буын жылыжайы іске қосылып, мұнда жылына 3 мың тоннаға жуық қызанақ, қияр және салат жинау жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Желтоқсан айында Петропавл қаласы супермаркеттерінің сөрелеріне алғашқы көкөністер қойылды. Сонымен бірге, СҚО-ның мемлекеттік қолдау құралдарын пайдалана отырып, сүт-тауарлы фермаларды ашу тәжірибесі бүкіл ел бойынша кеңейтіліп жатыр. Өңірде қандай жаңа өндіріс орындары, соның ішінде бірегейлері іске қосылды, жалпы жыл бойынша қандай көрсеткіштерге қол жеткізілді? Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі мен ел облыстарының өтіп бара жатқан 2023 жылдың қорытындысына арналған арнайы жобасы жалғасын табатын кезекті мақалада.
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер: оң динамика сақталып отыр
Жылдың қорытындылары бойынша өнеркәсіпте өсім 105%, құрылыста – 102%, инвестиция салуда 105%, тұрғын үйлерді пайдалануға беруде 102% құрайды деп күтілуде. Аграрлық секторда өсім 77,4% деңгейінде болмақ.
10,6 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.
Өткен жылмен салыстырғанда облыстың меншікті кірісінің өсімі 27,6%-ды құрады.
Өңірдің даму қарқынын сақтау үшін өңдеу өнеркәсібінде 39 инвестициялық жоба пулы жасақталып, іске асырылуда.
Мысалы, көтергіш-көлік жабдықтарын, көпір крандары мен жүк тиеу механизмдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Ағаш өңдеу өнімдерінің импортын 13%-ға алмастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ағаш сүрегін терең өңдеу зауытын салу аяқталуда.
Болашағы бар жоба май экстракциялау зауыты болып табылады. Бұл Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы ең ірі кәсіпорын болмақ. Оның қуаттылығы 120 мың тонна дайын өнім шығару мен 370 мың тонна майлы дақылдарды өңдеуге мүмкіндік береді, оның 80%-ы экспортқа шығарылады.
Еңбек өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылығын жаңғырту – СҚО-дағы АӨК-тің басым бағыты
Биылғы жылы облыс шаруалары әр гектардан 11,1 центнерден өнім алды. Нәтижесінде 3,7 млн тонна астық бастырылды. Майлы дақылдар 685 мың гектардан жиналды. Орташа өнімділік 6,7 центнерді құрап, 458 мың тонна бастырылды.
Мал шаруашылығында биылғы жылдың он айында ет өндіру 1,8%-ға, сүт - 3,3%-ға ұлғайып, 634 миллион жұмыртқа өндірілді.
Өңірде республикалық сүт көлемінің 10%-дан астамы өндіріледі. Облыста 100-ден астам тауарлы-сүт фермасы жұмыс жасайды, олардың құрылысы жалғасуда. Салынып жатқан 13 тауарлы-сүт фермасының алтауы пайдалануға берілді. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы-сүт фермаларын салудағы тәжірибесі бүкіл ел бойынша кеңейтіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бұл тәжірибені құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын және етті мал шаруашылығы кәсіпорындарын салуға тарату керектігіне назар аударды. Ауқымды жобаға республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінен 17 миллард теңге солтүстікқазақстандықтарға берілді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,8 миллард теңге бөлінді. Бұл сомадан мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, көтерме және бөлшек сауданы, техника мен жабдықты дамытуға 236 өтінім қаржыландырды. Несиенің басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған, бұл жеке қосалқы шаруашылықтардағы жер учаскелерін тиімді пайдалануға, сонымен қатар ауыл сыртындағы бос жатқан жерлерді тиімді пайдалануға ықпал етеді.
Жыл басынан бері пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 232,8 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылып, 47,5 мың га ауыл шаруашылығы жерлері шаруалардың игілігіне берілді.
Білім беру және денсаулық сақтау: инфрақұрылымды жақсарту үшін өңірлерді қаржыландыруды ұлғайту
Облыста бюджеттің үштен бірі білім беру саласына бағытталады. Бұл ретте осы жылы қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға дерлік ұлғайды. Мектептерге арнап 55 пән кабинеті сатып алынды, 48 білім беру объектісі күрделі жөндеуден өтті, апатты жағдайдағы мектептердің орнына 720 оқушыға арналған 2 мектептің құрылысы аяқталды.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 50 оқушыға арналған интернаты бар 300 орындық түзету мектебі салынып жатыр.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 жыл ішінде барлығы 2700 орындық 4 мектеп салынады.
Оқуға қолайлы жағдай жасау нәтижеге оң әсерін тигізуде: биылғы жылы түлектердің 81,9%-ы ЖОО-ға түсті.
Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 48%-ға ұлғайды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында өңірде 46 медициналық мекеме салынбақ. Биыл 5 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық пункттің құрылысы аяқталды. Келесі жылы қалған 38 объектінің құрылысы басталады.
Жолдар және ТҮКШ
Жергілікті билік алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі – жолдардың жағдайын жақсарту.
Өңірдегі жолдардың ұзындығы 8 416 шақырымды құрайды, бұл республика бойынша екінші орын.
Биыл 770 километр жол жөнделді, оның ішінде 148 шақырымы республикалық маңызы бар, 142 шақырымы ауылішілік жолдар. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша республикалық желіде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесін 85%-ға, жергілікті жолдар бойынша 72%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Құрылыс саласында орындалған жұмыс көлемі 121,2 миллиард теңгені құрап, 27,6%-ға ұлғайды. 2023 жылы 300 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 24 көппәтерлі үй, оның ішінде 22-і Петропавлда, екеуі аудан орталықтарында.
Бұл Солтүстік Қазақстан облысының 2023 жылғы дамуының кейбір нәтижелері. Келер жылға да жоспары көп. Өңірдің адами, аграрлық және өнеркәсіптік әлеуетін ескерсек, оларды іске асыру жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.