Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері полиция қызметкерлері 770 келіден астам түрлі есірткі затын тәркіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, жұмыс екі негізгі бағытта жүргізіліп келеді – есірткі қылмыстарын анықтау және олардың алдын алу.
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша есірткіге қатысты 214 құқық бұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көп (2024 жылы – 187 дерек). Олардың 100-ден астамы – сату фактілері, 8-і – аса ірі көлемде сақтау, 7-еуі – контрабанда, ал 4-еуі – есірткіні насихаттау фактілері, – деді Асқар Мұхаметқалиев.
Полицейлер 10 фитозертхананың қызметін тоқтатып, шамамен 800 келі есірткі құралын тәркілеген. Оның ішінде 5 келіге жуық синтетикалық есірткі мен 700 келіден астам марихуана бар. Сонымен қатар, облысқа есірткі жеткізудің 7 арнасы анықталып, жолы кесілді.
Мәселен, 7 сәуірде қала кіреберісінде тоқтатылған Daewoo Nexia көлігін тінту кезінде 26 жастағы астаналық тұрғыннан жарты келіге жуық синтетикалық есірткі табылған. Кейін сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Есірткіге тәуелділік пен жастарды қылмыстық әрекеттерге тартудың алдын алу мақсатында облыста мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері бірлесе жұмыс істеп келеді. Жыл басынан бері 40 мыңнан астам жасөспірім мен студент 700-ден астам ақпараттық, спорттық және креативті іс-шараларға қатысқан.
Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асуда.
Мемлекеттік құрылымдар, белсенділер мен еріктілердің күш-жігерін біріктіру – есірткі таралуының алдын алудың ең тиімді жолы. Тек бірлескен күшпен ғана қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ел болашағын қорғауға болады, – деді ол.