СҚО-да су тасқыны болуы мүмкін аудандарда ылғал қоры анықталып жатыр

24 Ақпан 2022, 13:40
1619
Бөлісу:
СҚО-да су тасқыны болуы мүмкін аудандарда ылғал қоры анықталып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында мамандар көктемде су тасқыны болуы мүмкін аудандарда өзендер мен су қоймаларының бассейндерін зерттеп, алқаптардағы, жыралардағы ылғал қорының көлемін айқындап жатыр, деп хабарлады ҚазАқпарат. 

СҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көктемгі су тасқыны болуы мүмкін аумақтар ведомство мамандары мен жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. Өңірде 4 ауданды су басу қаупі бар.

Құтқарушылар «Қазгидромет» РМК филиалы қызметкерлерімен бірге облыстың Ғабит Мүсірепов, Айыртау, Есіл және Тайынша аудандарындағы өзендер мен су қоймаларының бассейндеріндегі су реттегіштерді тексеруді бастады. Бұдан басқа мамандар алқаптағы, жыралардағы ылғал қорының көлемін айқындайды.

Ылғал қорының көлемі ауа-райына байланысты. Қыстың өткен айларында жауын-шашын нормаға сай жауды, кей жерлерде нормадан жоғары болды. Облыс бойынша топырақтың күзгі ылғалдану көрсеткіштері көп жылдық көрсеткіштерден 39 %-ға төмен. Ал Ақжар және Тайынша аудандарында қар жамылғысының биіктігі 11-16 см болса, Аққайың, Жамбыл және Жұмабаев аудандарында 30-38 см-ге дейін жетеді. Облыстың қалған аумағында орташа көрсеткіш 20-27 см шамасында, - дейді СҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы Сәкен Ағзамов.

СҚО-да су тасқыны болуы мүмкін аудандарда ылғал қоры анықталып жатыр

Маманның айтуынша, қыста солтүстік өңірде жауын-шашын мөлшерінің нормасы - 62-95 мм, биыл 28-150 мм аралығында жауған.

Облыс аумағының басым бөлігінде жауын-шашын нормаға жуық, Уәлиханов, Ақжар және Мағжан Жұмабаев аудандарының кей жерлерінде нормадан аз жауған. 2022 жылғы 21 ақпанда жер қыртысының қату деңгейі 62-151 см болды. Бұл былтырғы мәндерге жуық. Тексеру қорытындысы бойынша алдағы су тасқыны кезеңіне негізгі гидрологиялық болжам жасалады, - дейді Сәкен Ағзамов.

Өзгелердің жаңалығы