СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев Республикалық ақпараттық штабта өңірдің қазіргі жағдайы жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облысымыздағы жағдай әлі де күрделі. Сергеев су қоймасы 149% толып, су бөгет шыңынан 2 метр 61 см асты. Тәулік ішінде 9 см төмендеді, - деді ол.
Евгений Журавлевтің сөзінше, Есіл өзенінде су деңгейі жоғарылап жатыр, осы орайда өзен жағасының маңында орналасқан Қызылжар ауданының елді мекендері мен Петропавл қаласында үйлерді су басу деректері тіркелген.
Қазіргі сәтте облыста 2 401 үй және 1 115 үй маңындағы аумақтарды су басқан. Жалпы облыс бойынша 12 235 адам эвакуацияланды, олардың 2 919 бала.Тәулік ішінде 2 947 адам эвакуацияланды, олардың 488 бала. 44 адам үйлеріне оралды (оның 8 бала), - деп айтты СҚО ТЖД баспасөз хатшысы.
Сонымен қатар 3 590 бас мал қауіпсіз жерлерге көшірілді.
Негізгі соққы Қызылжар ауданының Тепличное, Прибрежное кенттеріне келді, оларда 565 үйді су басып, 2 287 адам эвакуацияланды. Соңғы тәулік ішінде су Большая малышка, Соколовка, Вишневка, Ольшанка елді мекендеріне кіріп, жалпы 317 үйді су басты, олардан осы тәулікте ғана 1562 адам эвакуацияланды олардың 299 бала. Су ең жоғары деңгейге Петропавл қаласында көтерілгенін бақыладық, алайда жуыр маңда біртіндеп түсуін күтудеміз, - деді Журавлев брифингте.