СҚО прокурорлары ауыл қызметкерлерінің әлеуметтік құқықтарын қорғады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас прокуратураның хабарлауынша, прокуратура органдары азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізуде.
Талдау шеңберінде қызметкерлердің әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілмегендіктерінен, құқықтарының өрескел бұзылуы анықталды.
Қызылжар, Ғ.Мүсірепов, Мамлют, Шал ақын, Тайынша аудандарында«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңының талаптарына қайшы, ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласындағы 5 мың маманға коммуналдық қызметтер мен отын сатып алу үшін әлеуметтік көмек төлеу көзделмеген.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мәслихаттардың шешімдерінде жоғарыда аталған төлемдер көзделіп, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар мамандар үшін 115,1 млн теңге сомасына бюджет қаражатын бөлді. Бүгінгі таңда 2 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек төленуде.
Нәтижесінде, қабылданған шаралармен ауылдық жерлерде тұратын қызметкерлердің құқықтарын қорғауға қол жеткізілді. Азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселесі облыс прокуратурасының бақылауында.