СҚО-да 5,8 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапқа тартылды

13 Қараша 2023, 21:33
637
Бөлісу:
СҚО-да 5,8 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапқа тартылды
Фото: polisia.kz

СҚО-да жол жүрісі қағидаларын бұзған 5,8 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапқа тартылды,  деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты 113 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 110 адам жарақаттар алды. Балалардың жол-көлік жарақатымен байланысты 78 жол апаты тіркеліп, нәтижесінде 4 бала көз жұмды, 87 бала жарақат алды. Жыл басынан жол жүрісі қағидаларын бұзған 5800-ден астам жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды. 

Тәжірибе көрсеткендей, жолдағы автокөліктер саны артып келеді. Ал жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің жол үстіндегі жағдайға көңіл аударуы төмендеуде. Жол-көлік оқиғаларының қаупін әртүрлі гаджеттер, құлаққаптар, адамның бетін тұмшалайтын киімдер арттырады. 

Жолдағы қауіп маусымаралық кезеңде айтарлықтай өседі. Осыған байланысты полицейлер жаяу жүргіншілер арасындағы бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтті.

 Жол жүрісі қағидаларын мүлтіксіз сақтаған жөн. Көшені белгіленбеген жерден кесіп өтпеу қажет. Бағдаршамнан өтер кезде көлік құралының сізге жол беріп тұрғанына көз жеткізіп алу керек. Бұл қысқы уақытта, көлік дұрыс тоқтай алмай қалуы мүмкін уақытта маңызды. Жүргізушілер жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындаған кезде жылдамдық алдын ала азайтулары және қажетті ара қашықтықты сақтауы тиіс. Көлік жүргізген кезде барынша мұқият болу қажет, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов. 

Соңғы 10 айда СҚО жолдарында 327 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 39 адам қаза тапты, 463 адам дене жарақаттарын алды. Жергілікті полиция қызметі басқармасының хабарлауынша, жол-көлік жарақатының алдын алу мақсатында 13 қарашадан бастап мүдделі мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам интситуттарымен және БАҚ-пен бірлесіп, кең ауқымды “Жол қозғалысының қауіпсіздік апталығы” республикалық акциясы өткізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы