СҚО-да инвестициялық жобалардың арқасында 5 мыңнан астам жұмыс орнын құрылады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында өнеркәсіп саласында 511 млрд теңгеге 34 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Оларды іске асыру 5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобаларға тоқталсақ, ағашты терең өңдеу зауыты, күніне 16 тоннаға дейін қияр жинауға мүмкіндік беретін 4-ші буындағы инновациялық жылыжай кешені, "Қызылжар" АЭА аумағында кондитерлік өнімдер өндірісі. Қуаттылығы 370 мың тоннаны құрайтын майлы дақылдарды өңдеуге және 120 мың тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік беретін май экстракциялық зауыты іске қосу сатысында, - деді өңір әкімі.
Сондай-ақ Нұрмұхамбетов жыл соңына дейін облыста 330 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отырғанын айтады.
Қазіргі таңда Петропавлда 32 көппәтерлік үй салынуда. Оның 20-сы – жеке құрылыс салушылар есебінен.
Қазір ескі "Қопай" шағын ауданын қайта құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Апатты және тозығы жеткен үйлер бұзылады. Олардың орнында заманауи жайлы шағын аудан салынуда. Бұл шағын ауданда барлығы 27 көпқабатты үй тұрғызылады. Жаңа пәтерлерге 3,8 мың отбасы қоныстанады. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып аламыз. Бұл мақсаттарға 5,8 млрд теңге бөлінді. Жалпы, жыл соңына дейін облыста 330 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз , - деді СҚО әкімі.