Солтүстік Қазақстан облысында 10 жасар баланың бөгет басында квадроцикл айдап жүрген видеосы әлеуметтік желіде тарады. Осыған байланысты СҚО полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстың полиция департаментінің бастығы Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, оқиға Тепличное ауылында болған. 34 жастағы тұрғын баласын топырақ толы қаптарды тасымалдауға көмектесу үшін квадроцикл басқаруға жіберген.
Ниеті жақсы болғанымен, бұл – заңға қайшы әрекет. Ең бастысы, мұндай әрекет баланың өміріне және айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, - деді полиция өкілі.
Оқиға орны – қауіп жоғары аймақ, мұнда арнайы техника, полиция, құтқарушылар мен әскери қызметкерлер жұмылдырылған. Осыған дейін де аталған аумақта балалардың жүруіне және техника басқаруына қатаң тыйым салынғаны бірнеше рет ескертілген болатын.
Полиция аталған жағдай бойынша баланың әкесіне қатысты әкімшілік іс қозғады. Бұл шара – жазалау мақсатында емес, болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қолға алынған.
Әлібек Ғабдуллин су тасқыны салдарын жоюға көмектесіп жатқан азаматтарға алғыс білдіре отырып, барша тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Әсіресе балалардың қауіпсіздігі – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз, - деді ол.