Бұдан былай еліміздің спортшыларына ай сайын 300 мың теңгеден төленетін болды. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушыларға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындары жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпиондарына өмір бойы берілетін ай сайынғы қамсыздандыру мөлшері өсті. Бұған дейін отандық спорт тарихында аталған төлем 24 АЕК-ті, яғни 76 380 теңгені құраған болатын. Дегенмен биыл Мәдениет және спорт министрлігінің үкіметке жасаған ұсынысы қолдау тауып, ай сайынғы қамсыздандыру көлемін 100 АЕК-ке - 318 000 теңгеге өсірді.
Төрт жылдықтың дүбірлі додасының жеңімпаздары өз кезегінде бұл жаңалық спортшыларға үлкен қолдау екенін алға тартты.
Бұл өзгерістер тек спортшыларды ғана емес олардың бапкерлеріне де қатысты. Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін және олимпиадалық спорт түрлері бойынша Әлем чемпионадарын тәрбиелеген бапкерлері де өмір бойы алатын ай сайынғы қамсыздандыруға құжаттар тапсыра алады.
Олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында көк байрағымызды көтеріп жүрген спортшыларымыздың ай сайынғы материалдық қамсыздандыру енді 4 есеге өседі деген жаңалықты естіп, қуанып жатырмыз. Бұл шешімі табылмай келе жатқан мәселелердің бірі еді. Енді жас спортшыларымызға бұл үлкен жігер береді. Бапкерлерге де үлкен қолдау, - деп атап өтті бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов.
Айта кетерлігі, аталған төлемді алу үшін спортшылар мен бапкерлердің спорт саласында жиырма жылдық еңбек өтілі болуы тиіс.