Алдыңғы апта халықаралық бәсекелерге толы болды. Еліміз бен шет елдерде өткен додаларда қазақстандық спортшылар бар шеберлігін ортаға салып, жанкүйерлерін қуантты, деп хабарлайды BAQ.KZ Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Назарларыңызға шолу ұсынамыз:
Аса ауыр салмақта сынға түсетін Камила Берліқаш Бакудегі Үлкен Дулыға кезеңінде үздік үштікті түйіндеді. Қазақстандық дзюдошы жарысты ширек финалдан бастап, онда түркиялық Себиль Акбулутты қосымша уақытта ұтқан. Алайда келесі айналымда серб Милица Сабичке есе жіберді.
Ал қола медаль үшін белдесуде тағы бір серб Тина Радишті жеңді. Милица Сабич финалда португалиялық Рошель Нунесті ұтса, екінші қола түркиялық Хиләл Өзтүрікке бұйырды.
Камила Берліқаш Бакудегі Үлкен Дулыға кезеңінде қола медаль жеңіп алды
Бұл Камиланың биылғы Үлкен Дулы кезеңінде жеңіп алған 2-жүлдесі. Ол маусымда Моңғолияда өткен кезеңде қолаға қол жеткізген.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Бакудегі бәсекені жалғыз жүлдемен аяқтады. Бүгін татамиге шыққан Ермахан Әнуарбеков (90 кг), Ерқанат Молдағұлов (-100 кг), Жамбыл Тұрғыналиев (+100 кг), Аруна Жангельдина (-78 кг), Назерке Тілеуханова (-78 кг) медальге қол жеткізе алған жоқ. Үлкен Дулығаның келесі кезеңін желтоқсанның басында Токио қаласы қабылдайды.