Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде футболдан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир басталды. 13 жастағы спортшылар облыс әкімінің кубогі үшін таласады. Турнирдің ашылуына өңір басшысы Оңдасын Оразалин қатысты.
Футболдан жасөспірімдер арасында халықаралық турнирде 6 команда бақ сынайды.
Ақтөбенің намысын «Ақтөбе» футбол клубы мен №8 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің командасы қорғайды. Халықаралық турнирге Ресейден «Оренбург», «Носта», Қырғызстаннан «Фрунзе», Өзбекстаннан «Бунедкор» футбол командалары келген. Спортшылардың барлығы - 13 жаста.
«Өңірімізде спортты дамытуға және спорттық ғимараттарды арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Спорттың барлық түрлеріне қолайлы жағдайлар жасау мақсатында алдағы уақытта заманауи жеңіл атлетика стадионы, бокс орталығы, шаңғы базасы және басқа да спорттық нысандар қолданысқа беріледі. Бүгінгі турнирге қаламыздың командаларынан өзге Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғыстанның футбол командалары қатысып отыр. Бүгінгі турнирдің ашылуымен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын. Барлық қатысушыларға мықты денсаулық, жаңа спорттық жетістіктер тілеймін», - деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімінің жүлдесіне арналған турнир Ақтөбеде 4-рет өткізілгелі отыр. Спорттық шара қазір №8 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтіп жатыр. 6 мамырда қорытындыланады.
«Жергілікті жеткіншектерге қолдау көрсетіп, сапалы, халықаралық бәсекеге қабілетті спортшыларды даярлап шығуды мақсат тұтып отырмыз. Шетелдік спортшылар және жаттықтырушылармен тәжірибе алмасамыз», - деді ұйымдастырушылар.