Спорт: Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерге шолу

14 Желтоқсан 2021, 10:10
3204
Бөлісу:
Спорт: Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерге шолу

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздік алғалы бері қазақстандық спортшылар еліміздің намысын қорғап, ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жетті. Спорт саласы қоғамның бірігуіне, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, әлемге қазақты еркін, рухы биік халық ретінде көрсетуге септігін тигізді.  Сала бойынша 30 жылда жеткен жетістіктер туралы Baq.kz тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Әсел Серікбаевадан білген еді.

Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Онда аты аңызға айналған жерлесіміз Володя Смирнов Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет 1 алтын және 2 күміс медальге ие болды. Бұл жетістік еімізді жалпыкомандалық есепте 12-ші орынға шығарды.

Тәуелсіздік жылдары отандық спортшылардың жеткен жетістіктері мынадай:
- қысқы Олимпиада ойындарында (1994, 1998, 2002, 2006, 2010, 2014, 2018) 1 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль. Барлығы 8 медаль иеленді;
- жазғы Олимпиада ойындарында (1996, 2000, 2004, 2008, 2012, 2016, 2021) 15 алтын, 21 күміс, 36 қола медаль. Барлығы 72 медаль жеңіп алды; 
- жазғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында (2010, 2014, 2018)           10 алтын, 6 күміс, 9 қола медаль. Барлығы 25 медаль иеленді;
- қысқы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында (2012, 2016, 2020)          1 күміс, 4 қола медаль. Барлығы 5 медаль жеңіп алды. 
- жазғы Паралимпиада ойындарында 1 алтын, 1 күміс медаль. Барлығы: 2 медаль жеңіп алды.
- қысқы Паралимпиада ойындарында 1 алтын, 1 күміс медаль. Барлығы: 2 медаль иеленді.
- паралимпиадалық спорт түрлерінен жазғы әлем чемпионатында                5 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль. Барлығы: 14 медаль жеңіп алды.
- паралимпиадалық жазғы Азия ойындарында 12 алтын, 21 күміс,                26 қола медаль. Барлығы 59 медаль иеленді.

30 жылда спортшыларымыз 7 жазғы Азия ойындарына қатысты (1994, 1998, 2002, 2006, 2010, 2014, 2018) ол жерде 155 алтын, 158 күміс және 244 қола медаль, барлығы 557 медаль жеңіп алды. 30 жыл ішінде 6 қысқы Азия ойындарында (1996, 1999, 2003, 2007, 2011, 2017) еліміздің спортшылары 78 алтын, 62 күміс және 56 қола медаль, барлығы 196 медаль жеңіп алды.

Қазақстанда 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарының өткізілуі жалпыұлттық спортты зор салтанатқа бөледі, онда ел құрамасы бұдан бұрынғы Азия ойындарының бәріне қарағанда, жеңіп алған медальдар бойынша рекорд орнатып, бірінші орынға ие болды.

Тәуелсіздік алған күннен бастап осы уақытқа дейін қысқы олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында ұлттық құрама командалардың спортшылары 5 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль, барлығы  18 медаль жеңіп алды. Жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында ұлттық құрама командалардың спортшылары   47 алтын, 52 күміс, 101 қола медаль, барлығы 200 медаль жеңіп алды.

Сонымен қатар еліміз тәуелсіздік алғалы бері қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың спортшылары Бүкіләлемдік қысқы универсиадаларға қатысып, 87 медаль жеңіп алды, оның ішінде 29 алтын,   25 күміс және 33 қола медаль. Бүкіләлемдік жазғы Универсиадаларға қатысып, 103 медаль жеңіп алды, оның ішінде 22 алтын, 43 күміс және 38 қола медаль.

Баспасөз хатшысының мәліметінше, сала бойынша заңнаманы жетілдіру аясында 2014 жылы саланы дамытудағы заманауи талаптарға сәйкес келетін «Дене шынықтыру және спорт туралы»  заң қабылданды. Президенттің Жарлықтарымен және Үкіметтің қаулыларымен бекітілген бес жылдық кезеңдерге арналған 4 мемлекеттік бағдарлама, 1 тұжырымдама бекітіліп, іске асырылды.

Осы бағдарламаларды және алға қойылған міндеттерді іске асырудың нәтижесінде халықты дене шынықтыру және спортпен қамтудың үлесі  31,6%-ды құрады. Бұл ел тұрғындарының 5,9 миллионға жуығы дене шынықтыру және спортпен айналысатындығын көрсетеді.

2018 жылғы 11 шілдеде Мемлекет басшысының қатысуымен Ақмола облысының Щучье қаласында жаңа «Бурабай» халықаралық шаңғы базасы ашылды. Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылы пайдалануға берілген Жекпе-жек сарайына аты аңызға айналған қазақстандық балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің аты берілді. 2020 жылдың қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан» жеңіл атлетикалық спорт кешені пайдалануға берілді.

Тәуелсіздік жылдарында елімізде кәсіпқой спорт та қарқынды түрде дамыған. Бокстан, велоспорттан, футболдан, хоккейден кәсіпқой клубтар құрылды. Василий Жиров пен Геннадий Головкин бастаған еліміздің кәсіпқой боксшылары әлемге танылды. 2020 жылы боксшымыз Данияр Елеусінов орта салмақтағы бос IBF континентальдық белбеуін жеңіп алды. Геннадий Головкин Камил Шереметаны жеңіп, әлем чемпиондық атағын қорғады.

Биыл әлемдегі ең беделді Ultimate Fighting чемпионатында (UFC) алғаш рет 3 спортшы бақ сынады. Қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов ММА әуесқой нұсқасы бойынша Әлем Чемпионы болды.

Тәуелсіздіктің арқасында 25-тен астам ұлттық спорт түрі жанданып, дамыды. «Қазақ күресі», «Саятшылық», «Асық ату» және «Тоғызқұмалақ» секілді ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді. Бүгінде республикамызда ұлттық спорт түрлерінен 8 мамандандырылған спорт клубы, 13 мамандандырылған спорт мектебі және 45 ипподром жұмыс істейді. «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі ұлттық спорттың брендіне айналды. Сондай-ақ «Әлем Барысы», «Жас Барыс» сынды жарыстардың да мәртебесі артуда. Бүгінгі күні білім берудің барлық деңгейлеріндегі дене шынықтыру сабақтарында «қазақ күресі», «тоғызқұмалақ», «асық ату» сияқты ұлттық спорт түрлерінің міндетті компонентін енгізу қолға алынып жатыр.

Осы жылдары елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 7,8 мыңнан астам спорт алаңдары мен 2 мыңнан астам спорт залдары салынды. Жоғары оқу орындарында 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциялары ашылды, онда 177 мың 263 студент спортпен шұғылданады. Сондай-ақ Ұлттық студенттер лигасы белсенді дамып, жолға қойылды.

Сондай-ақ дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тартылған мүмкіндігі шектеулі адамдар санының өсу серпіні сақталды. Бүгінгі таңда олардың саны 34 114 адамды құрайды. Республикада мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған 13 спорт клубы және 3 мектеп жұмыс істейді. Жыл сайын 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі спортшының қатысуымен әртүрлі санаттағы тұлғалар үшін 40-тан астам халықаралық және республикалық чемпионаттар мен турнирлер өткізіледі.

Бүгінгі таңда елімізде спорт түрлерінен 101 республикалық федерация жұмыс істейді. Ведомстволық статистикалық есепке сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Республикада 41 352 спорт ғимараты қызмет етеді (ауылдарда 23 693).

Елімізде 7-ші Қысқы Азия ойындары мен 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада сияқты ірі спорттық жарыстардың өткізілуіне байланысты әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бірқатар ірі спорт ғимараты («Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Астана Арена», «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондарының кешені, «Барыс Арена», «Алау», «Алматы арена», «Халық арена» мұз айдындары, «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені) сондай-ақ, алғаш рет Алматыда Олимпиада ауылдарына ұқсас 5000 орындық Атлетикалық қалашық салынды.

Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының ішінде 1 миллион 938 мың 598 бала дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Балалар мен жасөспірімдер спорты инфрақұрылымына келер болсақ, елімізде 477 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, спортта дарынды балаларға арналған 17 мектеп-интернат бар. Қосымша білім беру мекемелері қатарында 602 балалар мен жасөспірімдер клубы, 119 балалар мен жасөспірімдер дене даярлығының клубтары жұмыс істеп келеді.

Оқушылар арасында жыл сайын еліміздің әртүрлі аймақтарынан  100 мыңнан астам оқушы қатысатын «Былғары доп», «Шұбар доп», «Жұлдызша», «Алтын шайба» және «Жас Барыс» спартакиадалары өткізіліп келеді.

Сонымен қатар биыл Нұр-Сұлтан қаласында 7 мың көрерменге арналған Жеңіл атлетикалық спорт кешені пайдалануға берілді. Спорт кешені жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) сертификатына ие болды. Алғаш рет спортшылардың спорттық этикасы жасалып, бекітілді.

Мемлекет басшысының спорт секцияларын заңнамалық деңгейде ашу туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2021 жылғы 1 мамырдан бастап мемлекеттік спорттық тапсырысты жүзеге асыру арқылы спорт секцияларын жан басына қаржыландыру механизмі енгізілді.

Әсел Серікбаеваның айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеудің бүкіл республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес ақпан айы «Қазақстан - спорттық ұлт» ұранының аясында өтті. Оның шеңберінде 150-ден астам бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілді, #МеніңТәуелсіздіккеүлесім акциясы және «Менің жетістігім - Елімнің жетістігі» челленджі басталды, көрнекті отандық спортшылардың тарихы туралы «Спорттағы 30 үлкен есім» жобасы ұйымдастырылды.

Өзгелердің жаңалығы