Спорт мектептері жаттықтырушыларының апталық жүктемесі төмендетіледі. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов осылай деп мәлім етті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Дене шынықтыру және спорт саласында қолданыстағы нормативтік-құқықтық база заманауи инновациялық және интеграциялық процестер талаптарына толығымен сай келмейді, саланың шынайы қажеттілігін ескермейді. Сондықтан бұл бағытта министрлік заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жұмысын бастады, - деді Оралов министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Министрдің түсіндіруінше, заң жобасы аясында кәсіби спортты қаржыландыру мәселелерін реттеу, спорт мектептері жаттықтырушы-оқытушыларының нормативтік оқу жүктемесін аптасына 24 сағаттан 18 сағатқа дейін төмендету жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «біздің барлық күш-жігеріміз қазақстандықтар өмірінің қауіпсіз әрі барынша сапалы жағдайын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс». Осы тұрғыда біз спортшыларды, бапкерлерді әлеуметтік қорғау, мүмкіндігі шектеулі спортшыларға жағдай жасау және өзге де мәселелерді қозғаймыз. Заң жобасын жылдың соңына дейін Парламентке енгізу қажет, - деді Мәдениет және спорт министрі.