27 қаңтарда Түркістан облысы, Созақ ауданы, Аққолтық ауылында газ балоны жарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салдарынан тұрғын үй толығымен қираған. Төтенше жағдайлар бөлімінің хабарлауынша өрт сөндіру қызметі келем дегенше көршілері үйінді астында қалған 6 адамды алып шығып, аруханаға жеткізген.
27 қаңтарда 20:40 та Созақ ауданы, Аққолтық ауылы, Арқабаев көшесі 21 жеке тұрғын үйде тұрмыстық газ балонынан газ-ауа қоспасының жарылысы орын алды. Жарылыс салдары анықталуда. Сағат 21:40 та қираған үйіндіні ашу жұмыстары барысында 20 ш.м. қираған төбе жаппасының жануы орын алды. Өрт сағат 21:55-те оқшауланып, сағат 23:12-де толық сөндірілді, - дейді Қанат Ақбаев, Созақ ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, науқастардың барлығы Созақ аудандық емханасына орналасқан. Олардың үшеуі жансақтау бөлімінде, қалған үшеуі орта дәрежелі күйік жарақаттарымен хирургия бөліміне жатқызылған. Зардап шеккендердің 3-еуі бала, 2-еуі жасөспірім және 1-еуі ересек адам.
Ғалия Бисейіт