СOVID-19: Маңғыстау облысында неліктен вакцинациялау қарқыны төмен?

15 Қазан 2021, 12:38
2732
Бөлісу:
СOVID-19: Маңғыстау облысында неліктен вакцинациялау қарқыны төмен?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров тілші сауалына жауап берді.

Баспасөз мәслихаты барысында аталған өңірде неліктен вакцина алушылардың саны төмен екендігі туралы сұрақ қойылған болатын.

Маңғыстау облысы республика бойынша вакцинация көрсеткіші бойынша көш соңында екені белгілі. Жалпы аймаққа 435 540 доза вакцина әкелінді. Соның ішінде 301501 доза вакцина салынды. Атап айтар болсақ, І компоненттің 45,9%-ы, ІІ компоненттің 40%-ы салынды. Халық арасында екпе алуға қатысты жан-жақты түсініктемелер жүргізіліп жатыр. Соның арқасында вакцина алғандар саны біршама артты, - деп атап өтті Аманбек Жұмыров.

Сондай-ақ ол 17 көшпелі бригада үйден вакцина салдыру жұмыстарына атсалысып жатқанын алға тартты.

Көшпелі бригада созылмалы ауруы бар адамдар, зейнеткерлер, мүгедектер, үйде вакцина алғысы келетін басқа да жандарға вакцинациялауды жүргізеді. Мониторингтік топтар да жұмыстарын жалғастыруда, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстауда жаңа оқу жылы басталғалы 80-нен астам оқушы коронавирусқа шалдыққаны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы