СOVID-19: Вакцинациялау қарқыны қай облыста төмен?

28 Қыркүйек 2021, 10:04
3509
Бөлісу:
СOVID-19: Вакцинациялау қарқыны қай облыста төмен?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Оның айтуынша, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келе жатыр.

Барлық өңірде бір ай ішінде аурушаңдық деңгейі төмендеген. Вирустың репродуктивті индексі 0,88-ге тең болып отыр. Инфекциялық төсектердің 33%-ы, реанимациялық төсектердің 32%-ы толық, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ ол халықты вакцинациялау жұмысы да қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.

Бүгінгі таңда 7,5 млн-нан астам адам вакцинаның І компонентін, 6,4 млн адам ІІ компонентін алды. Ал індеттің таралуы бойынша Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Қызылорда облыстары «жасыл аймақта», Шымкент қаласы, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары «сары аймақта» орналасқан. Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары, Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстары «қызыл аймақта» тұр, - дейді Алексей Цой.

Сонымен қатар вакцинациялау қарқыны төмен облыстар да жоқ емес. Олардың қатарында Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары бар. Атап айтар болсақ, Қостанайда - І компонентті 317 052, ІІ компонентті 284 991 адам салдырған. Батыс Қазақстанда екпенің І компонентін 219 566 адам, ІІ компонентін 193 587 адам салдырған. Ал ең төменгі көрсеткіш Маңғыстауда, онда І компонентті 155 884, ІІ компонентті 130 627 адам салдырған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Үкімет басшысы елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы