Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Стационарлық және стационарды алмастыратын көмек басқармасының басшысы Айма Сағындықова хабарлады. Оның айтуынша, республика бойынша төсек-орындардың 56%-ы толы.
Басқарма басшысы шілде айымен салыстырғанда СOVID-19-бен күреске жұмылдырылған медициналық ұйымдардың саны артқанын алға тартты.
4 тамыздағы жағдай бойынша елімізде 52 803 инфекциялық төсек-орын ұйымдастырылған. Оның жартысынан көбі, яғни 56%-ы толық. Тамыз айында тағы да қосымша медициналық ұйымдар қамтылып, төсек-орын 10 мыңға көбейді. Ал реанимациялық төсектердің саны 4 795-ке тең, 46%-ды құрап отыр, - деді Айма Сағындықова.
Инфекциялық төсек-орындар, әсіресе, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Қызылорда және Қостанай облыстарында толық көрінеді. Ал реанимациялық төсек-орындардың толуы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Маңғыстау және Атырау облыстары көш бастап тұр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін коронавирус инфекциясын үш рет жұқтырып алған науқастардың болғаны туралы жазған болатынбыз.