Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Мәжілісте өткен «Үкімет сағаты» барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Оның айтуынша, коронавирус инфекциясымен күресте тікелей жұмыс атқарған медицина қызметкерлеріне төлем үшін 116 млрд-тан астам қаржы бөлінген.
Эпидемияға қарсы іс-шараларға қамтылған медициналық қызметкерлерге материалдық қолдау көрсетілді. Коронавирус инфекцияымен күресте тікелей жұмыс істеген қызметкерлерге 116 млрд теңге көлемінде 3 тәуекел тобы бойынша үстемақы төленді, - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.
Айта кететін жайт, былтыр дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, ал орта медициналық қызметкерлердің еңбекақысы 20%-ға артқан болатын.
Сондай-ақ індеттің төрт толқынының орын алуына коронавирус инфекциясы штамдарының жаңа түрлерінің пайда болуы себеп болған. Ал аурушаңдық соңғы өршіген кезеңдегі шарықтау шегіне тоқталар болсақ, тәулігіне 7800-ге дейін індет жұқтыру жағдайы тіркелген.
Ведомство басшысының айтуынша, коронавирус инфекциясы бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды дер кезінде жүргізу арқылы еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануы мен аурушаңдықтың таралу қарқынын төмендетуге бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан коронавирус инфекциясы бойынша «сары» аймақта екендігі туралы жазған болатынбыз.