Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Совет үкіметінің Шоқайға жапқан жаласы – тарихтағы ең ауыр жала

26 Маусым 2025, 20:11
3774
Бөлісу:
 sn.kz
Фото: sn.kz

Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қара е-history.kz сайтында берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тарихшының айтуынша, Мұстафа Шоқайға кеңестік билік саналы түрде жалған айып тағып, халыққа "сатқын" бейнесін қалыптастыруға тырысқан. Алайда шын мәнінде, Шоқай нацистік Германиямен ешқашан ымыраға келмеген және Гитлердің ұсынысын қабылдаудан ашық бас тартқан.

Гитлер Францияны басып алған соң, Мұстафа Шоқайды тұтқындап, "Түркістан легионын" басқаруға үгіттеген. Бірақ ол: "Мен сіздермен жұмыс істемеймін. Үйіме қайтамын" деп үзілді-кесілді бас тартқан. Бұл – өліммен тең шешім еді, – дейді ғалым.

Шоқайдың бұл ерлігі кейін оның өміріне қауіп төндіріп, ақыры Берлинге жол жүріп бара жатқан сәтінде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Ғалымның айтуынша, кей деректерде оның уланғаны туралы болжамдар да бар.

Совет үкіметінің Шоқайға жапқан жаласы – тарихтағы ең ауыр жала
Фото: e-history.kz

Нацизмнің табиғатын Мұстафа Шоқай 1921 жылдан бастап Еуропада жүрген кезде-ақ жақсы білді. Ол фашизмнің Түркістанға еш пайдасы жоқ екенін түсінді. Сондықтан да ешқашан оларға қызмет етпеді, – дейді Әбдіуақап Қара.

Ол Мұстафа Шоқайдың тарихтағы рөліне ерекше тоқталып, оны сатқын емес, ұлт қаһарманы деп атау керек екенін баса айтты.

Совет үкіметі оған тарихтағы ең үлкен жаланың бірін жапты. Егер жалған айып тағу бойынша жарыс болса, Шоқайға жапқан жаласымен Совет Одағы бірінші орын алар еді, – деді тарихшы.

Мұстафа Шоқай – фашизм мен отаршылдыққа қарсы күресте өмірін құрбан еткен тұлға. Ол — тәуелсіздіктің символы, ұлт ары.

Өзгелердің жаңалығы