Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Мұрат Қадырбектің айтуынша, бұл құжат екі ел арасында сұрау салу негізінде қылмыстық қудалау немесе сот үкімін орындау мақсатында іздестіріліп жатқан адамдарды ұстап беру тәртібін белгілейді.
Құжат қылмыс жасаған адамдар жазадан жалтармауы үшін қабылданып отыр. Келісім қылмыстық жауапкершіліктен қашқан тұлғаларды әділ сотқа тарту қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Мұрат Қадырбек.
Сенатордың сөзінше, тараптар өз азаматтарын ұстап бермейді.
Келісім жазбаша түрде жолданған сұрау салу негізінде жүзеге асырылады. Сұрауға қатысты қабылданған шешім туралы мәліметті сұратылған елдің орталық органы сұрау жіберген елдің уәкілетті органына дереу хабарлайды. Осы құжат аясында Қазақстан тарапынан орталық орган ретінде Бас прокуратура, ал Марокко Корольдігі жағынан Әділет министрлігі айқындалған. Сонымен қатар, келісімде шығындарды өтеу тәртібі, дауларды шешу рәсімдері және басқа да құқықтық тетіктер қарастырылған, – деді депутат.
Заңның қабылдануы Қазақстан мен Марокко аумағында сот төрелігінен жасырынған адамдарды жауапқа тартуға, Мароккодағы қазақстандық азаматтардың құқықтық қорғалуына кепілдік беруге, қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы келісімдер базасын толықтыруға және қылмыспен күрестегі халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.