Таиландта сотталушы жаңа туған ұлын көру үшін түрмеден қашып шықты. Ол мотоциклді айдап кетіп, туысының үйінде жасырынған жерінен ұсталды. Ер адамға қосымша жаза тағайындалмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
The Thaiger басылымының мәліметіне сәйкес, Таиландтың Нонтхабури провинциясында 33 жастағы Анучит Суксуд ұрлық жасағаны үшін бір жылға бас бостандығынан айырылған. Ол жазасының сегіз айын өтеп қойған еді. Тәртібі жақсы болғандықтан оған түрмеге тиесілі кофеханада жұмыс істеуге рұқсат берілген. Алайда 23 тамыз, сенбі күні Суксуд жұмыстан қашып шығып, мотоциклді айдап кетіп, белгісіз бағытқа жасырынған.
Полиция қашқынды бейнебақылау камералары арқылы анықтап, келесі күні туысының үйінде ұстады. Бастапқыда Суксуд тергеушілерге камераластары қорлағандықтан қашқанын айтқан. Бірақ полиция бұл деректі растай алмады. Ақыр соңында тергеу оның наурыз айында дүниеге келген ұлын көру үшін қашқанын анықтады.
Қашудың қылмыстық емес себебіне қарамастан, Суксуд қосымша жаза алады. Оның ұзақтығы әзірге белгісіз. Сондай-ақ жазасының қалған бөлігін және жаңа мерзімді ол басқа провинциядағы түрмеде өтейтін болады.