Көрінеу жалған айғақтар бергені үшін Түркістан облысының тұрғыны сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысы прокуратурасының мәліметінше, бұзақылық және адам ұрлау қылмыстары бойынша сот барысында куә сотталушының аса ауыр санаттағы қылмыстық жауаптылықтан босату мақсатында екі рет жалған жауап берген.
Куәнің бұл іс-әрекеті сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген жауабын өзгерту арқылы сотты жаңылыстыру болған.
7 тамыз 2024 жылы сот аталған қылмыстарды жасаған сотталушыға 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, куәге қатысты қылмыстық іс қозғау қажеттігін қарастыру туралы жекеше қаулы шығарған.
Cот барысында мемлекеттік айыптаушы айыпталушының кінәсін толығымен дәлелдеді.
Нәтижесінде сотта куә ретінде жауап берген азамат аса ауыр қылмыстық іс қарау барысында қасақана жалған айғақтар бергені үшін ҚР ҚК 420-б. 2-б. бойынша кінәлі ретінде танылып, 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына тағайындалды, - делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.