Сотта дау туды: Жанабыловтардың адвокаты прокурор сөзіндегі қайшылықтарды айтты

Сот прокурорға ескерту жасады.

 видеодан алынған кадр Бүгiн 2026, 11:24
Бүгiн 2026, 11:24
90
Фото: видеодан алынған кадр

Сот отырысы барысында Жанабыловтардың адвокаты 16 наурыздағы процестен кейін мемлекеттік айыптаушының жария түрде айтқан пікірлеріне байланысты оған ескерту жасау жөнінде өтініш білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қорғаушының айтуынша, әңгіме прокурордың бұқаралық ақпарат құралдарымен сөйлесу кезінде Қылмыстық кодекстің 218-бабының 2-бөлігіне қатысты санкцияларды түсіндіруіне байланысты айтқан пікірлері туралы болып отыр.

«218-баптың 2-бөлігінің санкциясы айыппұлды қарастырмайды. Онда нақты бас бостандығынан айыру жазасы көзделген». Бұл мәлімдеме Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасына сәйкес келмейді, өйткені Қылмыстық кодекстің 218-бабы 2-бөлігінің санкциясы баламалы болып саналады және бас бостандығынан айырумен қатар айыппұл тағайындау мүмкіндігін де қарастырады, – деді адвокат Гаухар Айтжанова.

Оның айтуынша, мұндай мәлімдемелер заңның мазмұнын бұрмалап, ықтимал жаза туралы алдын ала біржақты түсінік қалыптастырады.

Сонымен қатар қорғау тарапы прокурордың кейінгі пікірлерінің өзінде қайшылықтар бар екенін атап өтті.

Таза теориялық тұрғыдан алғанда, иә, айыппұл тағайындауға болады. Егер айыппұл тағайындалса, оның мөлшері өте үлкен болады. 7 мың есеге дейін. Егер 560 мыңды 7 мың есеге көбейтсеңіз, шамамен бір миллиардтан асады, – деп адвокат айыптау тарапының ұстанымын келтірді.

Алайда қорғаушының айтуынша, аталған бап бойынша айыппұл айлық есептік көрсеткіштермен белгіленеді, ал айыптауда көрсетілген сомамен еселік қатынаста есептелмейді.

Осылайша, заң нормасын бір-біріне қайшы әрі құқықтық тұрғыдан дұрыс емес түсіндіру орын алып отыр. Бұл ықтимал санкциялардың сипатына қатысты қоғамды да, процеске қатысушыларды да жаңылыстыруы мүмкін, – деді адвокат.

Сот прокурорға ескерту жасады.

Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.

Бұған дейін 13 наурызда Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы болғанын хабарладық.

Белгілі болғандай, Жанабыловтарды сотта басқа адвокат қорғайды.

Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді. 

Сондай-ақ, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта тергеу басталды. Сот процесінде алғашқы куәгерден жауап алынды. Жүлде ұтысын өткізуге арналған сайтты әзірлеген ІТ-маман Сұңғат Өтеболатов жауап берді.

Наверх