Жоғарғы сот төрағасы: Судьялар сауатты жаза алмайды

23 Қаңтар 2019, 11:34
8361
Бөлісу:
Жоғарғы сот төрағасы: Судьялар сауатты жаза алмайды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында судьяларға қойылатын талапты күшейтуді көздейтін заң жобасы мақұлданды.

Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы талқыға салынды.

«3 жыл бұрын заңға қатысты кейбір сұрақтар Жоғары соттан Жоғары сот кеңесіне беріле бастады. Осы жолы Жоғары соттан аталған кеңеске біз екі комиссияны бермекшіміз. Ол – сот жюриі мен кардлар резерві», - деді Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов.

Осы орайда ол судья қызметіне кездейсоқ адамдар өтіп кетпеуі үшін оларға қойылатын талап барынша күшейтілгенін атап өтті.

«Бұрын жыл сайын судья қызметіне 150 адам қабылданса, 2018 жылы біз осы қызметке 29 адамды ғана қабылдадық. Бұл 5 есе аз көрсеткіш. Өйткені біз жаңа кадрлық технологияларды енгіздік. Бірінші, ол психологиялық тестілеу. Осы әдіс арқылы үміткердің шын ниетін байқаймыз. Екіншіден, заңдар бойынша компьтерлік тестілеу. Ол бұрын Жоғары сот кеңесінің өзінде болса, енді оны мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікке бердік. Үшіншіден, бір тақырыпқа эссе жазу. Үміткер заңды білумен қатар жаза білуі тиіс. Бүгін көп актінің проблемасы көп судья сауатты жаза алмайды. Ондай судьялар бар», - деді Жақып Асанов.

Оның айтуынша, оларды жұмысқа қабылдағанда ешкім олардың мұндай қабілетін ешкім тексермеген. Тіпті, университетте студенттерді жазуға үйретпейді.

«Төртіншіден, ситуациялық тапсырмаларды шешу. Кандитат заң нормаларын практикада қолдана ала ма, жоқ па – соны бағалаймыз. Бесіншіден, комиссия мүшелері кандидатпен әңгімелесіп, оның оның судьялыққа қабілеті бар ма, жоқ па – соны қарайды. 2018 жылға дейін әрбір төртінші үміткер судья болса, осы құралдарды пилоттық режимде енгізіп көрдік. Өткендер 3% болды. Жаңа іріктеу тәртібі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Енді осы өзгерістерді заңдастырмақпыз», - деді Жоғары соттың төрағасы.

Сонымен қатар Жақып Асанов аталған заң жобасындағ тағы бір өзгеріс сот академиясының жұмысына байланысты екенін жеткізді.

«Қазір таңда түлектер академияны бітірген соң, олардың басым бөлігі судья болғысы келмейді. Өткен жылы 62 магистрант сот академиясын бітірді. Ал судья болғандары төртеу ғана, яғни 6,5%. Сонда 2 жыл уақыт, оған бөлінген қаражат, стажировка, бәрі текке кетті деген сөз. Сондықтан академияны бітіргендер судья болмаса, оларды конкурссыз жоғары сот апаратына, жергілікті соттарға немесе судьялардың көмекшісі ретінде алсақ деген ұсынымыз бар. Осылайша, олар тәжірибе жинап, келешекте судья болуға өздерін дайындайды», - деп түйіндеді сөзін Жоғарғы соттың төрағасы.

Айта кетейік, осыған дейін Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов судьялар төрағаларға, басшыларға тәуелді екенін айтқан болатын.

Дәурен Ерболат

Өзгелердің жаңалығы