Сот жүйесі әрдайым қоғам назарында – Әсет Исекешев

22 Желтоқсан 2020, 12:44
1848
Бөлісу:
Сот жүйесі әрдайым қоғам назарында – Әсет Исекешев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Сот және құқыққорғау жүйесіне реформа жүргізу кезінде қылмыс, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті төмендетіп алмауымыз керек. Бұл туралы Қазақстан Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев «Қазақстанның құқыққорғау және сот жүйесін жаңғыртудағы өзекті мәселелер» атты халықаралық жиын барысында айтты. 

Әсет Исекешев жиын барысында құқыққорғау органдарында жасалып жатқан реформа халықаралық басқару тәжірибесін таңдап алып қана қоймай, бірінші кезекте ол ғылыми түрде жасалған базаға негізделу керектігін айтты. 

Еліміздегі басты мәселенің бірі заң қағидаттарының орындалуы. Құқықтық мемлекетте сот жүйесі жемқорлықсыз жұмыс істеп, құқыққорғау жүйесі жұртшылықтың жоғары сеніміне ие болу керек. Бұл Елбасы көрсеткен ұзақ мерзімді болжам Бес институтциялық реформа аясында іске алынып отыр. Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сот және құқыққорғау жүйесін жаңғыртудың басты бағыттарын айқындап берді. Ел Тәуелсіздік алғалы бұл екі жүйені жаңғырту жұмысы кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Соңғы 25 жылда адам өлтіру мен қарақшылық шабуыл жасау көрсеткіші анағұрлым төмендеген. Мәселен, 1996 жылы 2 мыңнан аса кісі өлтіру дерегі тіркелсе, 2019 жылы 845 жағдай тіркелген. Ал, қарақшылық шабуыл 6 есе төмендеген,-деді ол. 

Оның айтуынша, әлемдегі адамдардың қауіпсіздігі жөніндегі индексте Қазақстан өткен жылы 64 орыннан көрініп, ТМД-ғы көптеген елдерді басып озған. 

Мұның барлығы мемлекеттің көпжылғы осы бағытта атқарған жұмысының нәтижесі. Дегенмен қазіргі кезде бір-бірімен тығыз байланысты осы екі жүйені жаңғырту өзекті болып қала бермек. Азаматтардың полицияға деген сенімсіздігі жоғары, осыған ұқсас көрсеткіш бизнес қауымдастықтан да келіп түсуде. Реформа жүргізу қылмыс, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі тиімділікті төмендетіп алмауы керек,-деді Исекешев. 

Сонымен қатар ол сот жүйесі өзге елдердегіде бізде де әрдайым қоғам назарында екенін,  кез келген қателік қоғамда үлкен резонанс тудыратынын атап өтті. 

Қазір сот жүйесін реформалауға өте байсалды қарау керек. Президент Қазақстан халқына Жолдауында қоғам құқыққорғау органдары мен сотқа қандай талап қойып отырғанын нақты атап өтті. Реформаның түбкі мақсаты бұл екі жүйе мемлекеттік сервистік ұйым ретінде қалыптасу керек. Ол жөнінде Президент әкімшілігінде арнайы комиссия құрылды, сондықтан бұл бағыттағы жұмыс үнемі ел президентінің бақылауында,-дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы