БҚО, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов республикалық және жергілікті БАҚ өкілдеріне облыс соттарының 2018 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында спикер облыс соттарының негізгі жұмыс көрсеткіштері, былтырғы жылмен салыстыра отырып, 2018 жылдың қорытындысы бойынша қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарау бойынша статистикалық мәліметтер келтіре отырып, облыс соттарында татуластыру рәсімдерінің кеңінен қолданылуы және қазіргі таңда облыс бойынша барлық аудандарда және қала маңындағы 3 ауылдық округте билер Кеңесінің құрылып, жұмыс жасап жатқандығы туралы айтты.
«Соңғы жылдары сот жүйесінде оң реформалар мен жаңғыртулар көптеп жүргізілуде. Бұл реформалар оң нәтижесін берді, яғни судьялардың халық алдында ашық болуы, өздері шығарған шешімдерінің себептерін түсіндіре бастауы т.б. процеске қатысушылардың сот актісімен келіспеушілігін, шағымдарды азайтты»,-деді Бек Әметов.
Сондай-ақ, облыстық соттың төрағасы пайдаланушыларға көрсетілетін сот қызметтерінің сапасын жақсарту мақсатында облыстағы 2 сот ғимаратында фронт-кеңсе ашу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын және жақын арада ашылатындығын айтып өтті.
Спикер заң үстемдігін жүзеге асыруға бағытталған реформалар, «Түнгі сот», «Кешкі медиация» «Судья көмекшісі», «Отбасылық сот» пилоттық жобаларын іске асыру бойынша атқарылған жұмыстарға, «Сот төрелегінің жеті түйіні» бағдарламасы шеңберінде сот жүйесін жетілдіруде 2018 жылы атқарылған жұмыстар мен сот жүйесінің алдына қойған соттағы айыптау бағытын азайту, кассацияға қолжетімділікті кеңейту, сот рәсімдерін жеңілдету, татуласу рәсімдерін дамыту, әкімшілік соттардағы құқықты қорғауды күшейту сот актілерінің сапасын көтеру, соттардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу сияқты басым міндеттерге кеңінен тоқталып, облыс соттарының сот өндірісіндегі қоғамдық серпіліс тудырған кейбір істер бойынша журналистер тарапынан қойылған сұрақтарына жауап берді.