ШҚО-да сот процестері толық электронды форматқа көшірілді

12 Сәуір 2019, 08:56
3090
Бөлісу:
ШҚО-да сот процестері толық электронды форматқа көшірілді
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сот жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмасы Шығыс Қазақстан облысында сәтті іске асырылуда. Бұл жөнінде ШҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі Анар Қайсанова мәлімдеді.

«Біз қағазбастылықтан құтылуды 2016 жылы қолға алған болатынбыз. Осы уақыттан бері бірыңғай электронды құжат айналымы жүйесі арқылы кіріс және шығыс, сонымен қатар ішкі айналымдағы құжаттарды электронды форматта жүргізетін болдық. Сондай-ақ, сот органдарының электронды сервистеріне қол жеткізуге арналған бірыңғай терезе «сот кабинеті» құрылды. «Төрелік» ақпараттық-анықтамалық талдау жүйесі арқылы азаматтар істің қаралуын, орындалу барысын, қай уақытта сот отырысының өтетіні жайындағы ақпараттардан да хабардар болып отырады», - дейді Анар Қабиқызы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, соңғы уақытта сот залдары тікелей Нұр-Сұлтан қаласындағы ситуациялық орталықтың ортақ мониторына қосылған. Яғни, елордадағы ситуациялық орталық әр сот процесін тікелей онлайн режимде бақылай алу мүмкіндігіне ие болған.

ШҚО-да сот процестері толық электронды форматқа көшірілді

«Бұл үрдіс тек астанамыз бен облыс орталығы арасында ғана алынып отырған жаңашылдық емес. Мұндай байланыс сондай-ақ аудан, қалалардағы сот басқармаларымен де орнатылған. Атап айтсақ, бейне-конференциялық байланыс жүйесі арқылы әр іске қатысы бар жапа шегуші тараптың, я болмаса куәгердің болмасын бұрынғыдай басы артық шығынға ұрынып, уақыты мен ақшасын шығындап облыс орталығына сабылуының қажеті жоқ. Сот процесі кезінде өзге ауданда отырған азаматтан сот жауап алып процесті жалғастыра береді. Яғни сот процесінің бір тарабы өзге өңірде отырса да істің қаралуы тоқтамай жалғаса береді», - дейді Анар Қайсанова.

Ол үшін іске қатысы бар азаматтар алдын ала ескертіліп, аудан, қаладағы сот басқармаларына межелі уақытта жиналады. Жалпы бейне конференция жүйесі арқылы әрбір сот процесінің бейне және аудио жазбасы жасалады. Бұл өз кезегінде сот қызметкерлерін хаттама толтырудан арылтқан. Қылмыстық іс бойынша сотталушы, я болмаса осы іске қызығушылық білдірген әрбір адамға бірнеше парақтан тұратын қағаз хаттама емес дисктер берілетін көрінеді.

ШҚО-да сот процестері толық электронды форматқа көшірілді

«Біз қазір азаматтардан келіп түсетін өтініштерді де осы жүйе арқылы қабылдап жатырмыз. Бұл шалғай орналасқан ауылдардың тұрғындарына көп мүмкіншілік берді. Адамдар бұрынғыдай шығынға батып, уақытын зая кетірмейтін болды. Тек интернет желісі қолжетімді болып, электрондық цифрлық қолтаңбасы болса болғаны. Сондай-ақ, біз де қазір үкім қағазын бұрынғыдай қағазға шығарып жатпаймыз. Аталған жүйе арқылы оның электронды форматын Жеке сот орындаушылары палатасына жолдаймыз», - деп қосты Анар Қабиқызы.

Қоса кетсек, «сот кабинеті» ақпараттық жүйесін office.sud.kz, ал «Төрелік» ақпараттық-анықтамалық талдау жүйесін sud.gov.kz сілтемесі бойынша табуға болады. 

Өзгелердің жаңалығы