“Сот алдында жауап бересіңдер”: Ердоған наразылық білдірушілерге үндеу жасады

25 Наурыз 2025, 14:37
1922
Бөлісу:
“Сот алдында жауап бересіңдер”: Ердоған наразылық білдірушілерге үндеу жасады
Фото: armenpress

Түркияда соңғы бірнеше жылдағы ең ауқымды антиүкіметтік наразылықтар алты күн қатарынан жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.

Мыңдаған адам Түркияның түрлі қалаларында, соның ішінде Ыстамбұлдағы әкімдік ғимаратының алдында жиналып, мэр Экрем Имамоғлуны босатуды және президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізуді талап етуде.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған халыққа телеүндеу жасап, наразылықтарды “арандатушылық” және “зорлық-зомбылық қозғалысы” деп атап, оппозицияны — атап айтқанда, Республикалық халық партиясын (РХП) — қоғамдық тәртіпті бұзды деп айыптады.

Мен бірнеше рет бұл үндеуді айттым, бүгін тағы қайталаймын: халқымыздың тыныштығын бұзатын арандатушылықтарды тоқтатыңыздар, — деді Ердоған дүйсенбі күні Министрлер кабинетінің отырысынан кейінгі телеүндеуінде.

Сонымен қатар, ол РХП төрағасы Өзгүр Өзелге ескерту жасап, парламент алдында саяси, ал сот алдында заңды жауапкершілікке тартылатынын айтты.

Әрекеттеріңіз үшін жауап беретін боласыздар. Парламентте — саяси, ал сотта — құқықтық тұрғыда, — деді Ердоған.

Еске сала кетейік, Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоғлу қазіргі уақытта қызметінен шеттетіліп, қамауда отыр. Оған жемқорлық және Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясына (КЖП) қолдау көрсетті деген айып тағылған.

Мэрдің ұсталуынан кейін Ыстамбұл, Анкара, Измир және Ризе қалаларында жаппай шерулер мен қарсылық акциялары өтті. Ыстамбұлда жиналыстар мен митингілерге тыйым салынғанына қарамастан, наразылықтар тоқтар емес.

23 наурызда Экрем Имамоғлу Түркия президенттігіне кандидат ретінде ұсынылғаны белгілі болды.

 

Өзгелердің жаңалығы